Accessibility links

Сот Алматыда наразылыққа шыққандардың кейбірін жазалады


Наразылыққа шыққан азаматтардың соты. Алматы, 2 мамыр 2019 жыл.
Наразылыққа шыққан азаматтардың соты. Алматы, 2 мамыр 2019 жыл.

Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты 1 мамырда қалада наразылыққа шыққан азаматтар арасында болған Тұрсынкүл Жоланова және Құрбанбек Шоланұлы, Жазира Демеуоваға 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Бұл азаматтарға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлім) деген айып тағылған.Тұрсынкүл Жоланованың құқығын сотта қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Сот отырысынан шыққан Жазира Демеуова Азаттық тілшісіне "сот шешімімен келіспейтінін", өзін "шындықты айтқаны үшін жауапқа тартты" деп есептейтінін жеткізді.

Қазір әкімшілік сотта өзге де ұсталған азаматтарға байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот дәлізінде отырған Құдайғашүкір Абдуллаев есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын, Лобачевскийдегі тергеу изоляторына сәлден соң өзін алып кететінін айтқан. Айтуынша, оған да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып таққан. Сот шешімін судья Ержан Алдабек шығарған.

Сот дәлізінде тұрған Исламжан Темірғали есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын айтып үлгергені сол еді, арнайы жасақ өкілдері қолынан ұстап, тергеу изоляторына алып кетті.

Әзірге Азаттық тілшісі әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға байланысты соттан ақпарат ала алмады. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов бүгін күні бойы ұсталғандарға байланысты істің сотта қаралатынын, қолында әзірге толық ақпараты жоғын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

2 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" деп айыпталған екі азамат Алтынбек Орынтайұлы және Әлімжан Ізбасаровты бес күнге қамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG