Accessibility links

Азат Еуропа/Азаттық радиосы 1 мамырда Азаттық тілшілері кездескен кедергілер жайлы айтты


Азат Еуропа/Азаттық радиосының белгісі.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының белгісі.

3 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні қарсаңында Азат Еуропа/Азаттық радиосының басшылығы (АЕ/АР) 1 мамыр күні Азаттық тілшілері кездескен кедергілерге байланысты пікір білдіріп, оны "тілшілердің кәсіби қызметіне кедергі жасау" деп бағалады.

АЕ/АР мәлімдемесінде 1 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық акциясы кезінде ондаған адамның ұсталғаны туралы хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді полицияның ұстағаны және оны тергеуге тырысқаны айтылған. Сол күні белгісіз біреулер журналистің телефонын да тартып алған.

Мәлімдемеде сонымен бірге 1 мамырда белгісіз біреулердің Нұр-Сұлтанда Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін сындырып, видеотіркегіш құрылғысын ұрлап кеткені туралы да айтылған. Журналист көлігінде ұрлық болғанын полицияға хабарлағаннан кейін полиция оны ұстап, одан саусағының ізін алып, бірнеше сағат бойы сұрақ-жауап алған. Соның кесірінен Әмірханов редакция тапсырмасын орындай алмаған. Сол күні таңертең белгісіз біреулер Азаттықтың тағы бір операторы Тимур Айтмұханбеттің жартылай бос көлік тұрағында тұрған көлігінің алдын бөгеп, жолын жауып тастаған.

АЕ/АР "Журналистикадағы батылдығы үшін" журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) ​тағайындаған сыйлық иегері Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің кәсіби қызметіне байланысты осымен төртінші рет ұсталып отырғанына назар аударады. Тойкен Жаңаөзендегі наразылық акцияларынан хабар таратып жүргенде бірнеше рет қудаланған.

АЕ/АР президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар "үкіметтердің өрескел әрекеттері және қаскөйлердің жазасыз қалуы тілшілер кездесіп отырған қауіп-қатер мен проблеманы ұлғайта түсті" деп мәлімдеді. Синделар журналистердің "батылдығы мен қайсарлығын" және олардың тәуелсіз ақпаратқа зәру "аудиторияны қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету" міндетін адал атқарып жүргенін атап өткен.

АЕ/АР мәлімдемесінде Азаттық тілшілері төңірегіндегі жағдай "әлем елдерінің билігі ақпаратты бақылауға алуы үшін" кез келген әрекеттен тайынбайтынын және "батыл деген журналистің өмірі үнемі қауіп-қатерде болатынын көрсетті" деп жазылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG