Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы "Көктал" полигонында өткен "Айбалта-2019" әскери оқу-жаттығуын барып көрді. Жаттығу жиынынан кейін сөз сөйлеген Тоқаев Қазақстан әскерін күшті әрі мобильді деп мақтады.
Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстан әскері оқу-жаттығу кезінде кәсібилігін іс жүзінде дәлелдеген.
Қазақстан президенті командалық бөлімшелерге барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін көріп, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралады.
Тоқаев 3 мамырда Twitter желісіндегі парақшасында "әскери қызметтің мәртебесін көтеріп, әскерилерге қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерін шешеміз" деп жазды. Тоқаев әскерилердің басында қандай әлеуметтік мәселелер барын ашып айтпады.
"Айбалта-2019" әскери жаттығуы 15 сәуірде басталып, бүгін 3 мамырда аяқталды. Жаттығуға 8000 сарбаз бен 2000-нан аса әскери техника қатысты.
ПІКІРЛЕР