Accessibility links

АҚШ санкция салған Иран мұнайын "көлеңкелі нарықта" сатпақ


Иран мұнай министрінің орынбасары Амир Хоссейн.
Иран мұнай министрінің орынбасары Амир Хоссейн.

Иран АҚШ санкциясын айналып өту үшін мұнайын "көлеңкелі нарықта" сатпақ. Бұл туралы 5 мамырда Иран мұнай министрінің орынбасары Амир Хоссейн хабарлады.

Хоссейн мұндай шешімді орынды деп санайды. "Көлеңкелі нарыққа" шығуды ол "алаяқтық емес, Тегеран заңсыз әрі әділетсіз санайтын Вашингтон санкцияларына жауап" деп атады. Хоссейн "көлеңкелі нарық" деп нақты нені меңзегенін айтқан жоқ.

Тегеран мұндай мәлімдеме жасамастан бір күн бұрын - 4 мамырда Вашингтон басқа елдерге Иран мұнайын сатып алуға биылғы мамырға дейін берілген рұқсатты созбайтынын айтқан.

АҚШ Иранға Тегеран ядролық бағдарламасын тоқтатудан бас тартқан соң, 2018 жылы қарашада санкция салған. Санкция бойынша, Иранмен сауда-саттық жасайтын елдер Тегеран мұнайын сатып алуды доғаруы керек. Бірақ Вашингтон 2019 жылғы 2 мамырға дейін сегіз елге - Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Грекия, Италия, Тайвань мен Жапонияға рұқсат берген.

Вашингтон Иран билігін табысынан айыру үшін Тегеранның мұнай экспортына толық шектеу қоюға ниетті екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG