Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы митингіден соң ұлы қамалған ана сотқа тартылып жатыр


1 мамырдағы Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде ұсталып, 5 тәулікке қамалған 18 жастағы Алтынбек Орынтайұлының анасы Розалия Бекзадина. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.
1 мамырдағы Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде ұсталып, 5 тәулікке қамалған 18 жастағы Алтынбек Орынтайұлының анасы Розалия Бекзадина. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.

1 мамырдағы Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде ұсталып, 5 тәулікке қамалған 18 жастағы Алтынбек Орынтайұлының анасы Розалия Бекзадинаға айып тағылды. Ол әкімшілік кодекстің бейбіт жиын өткізу ережесін бұзу бабымен (488-1) күдікке ілінген. Түске таяу басталған сот Бекзадинаның адвокаты Бауыржан Азановтың өтінішімен бүгін, 6 мамыр сағат 17.00-ге шегерілді.

Бекзадинаның Азаттыққа айтуынша, полиция оны 6 мамырда қамауда отырған ұлымен кездесу үшін Нұр-Сұлтандағы уақытша ұстау изоляторына барғанда алып кеткен.

- Ұлыммен кездестірген жоқ. Мекеменің ішінен алдап алып шығып, қолымды қайырып, сотқа алып келді, - дейді Бекзадина.

Белсендінің анасын Нұр-Сұлтан әкімшілік сотына алып келген подполковник Талғат Әбдрахмановтың айтуынша, Бекзадинаны сотқа мәжбүрлеп алып келу туралы сот қаулысы шыққан. Әбдрахманов Азаттық тілшісіне "Розалия Бекзадина бұған дейін сотқа шақырылғанымен, келмеген" деді.

"Ешқандай да шақырту алған жоқпын" деген Бекзадина Әбдрахмановтың сөзін жоққа шығарды. Адвокат Бауыржан Азанов "Бекзадинаны күшпен ұстап әкетуді жөні жоқ еді" дейді.

- Бекзадина күн сайын қамаудағы ұлымен көрісу үшін уақытша ұстау изоляторына барады. Қалалық сотқа да, полиция департаментіне де күн сайын келіп жүр. Бірақ ешкім оған үстінен әкімшілік іс қозғалғанын айтпаған. Бекзадина қазір біліп отыр. Бұл – бассыздық, - деді ол.

1 мамырда Нұр-Сұлтандағы Астана қалалық соты Алтынбек Орынтайұлын "полицияға бағынбады" деп бес күнге қамау туралы шешім шығарған. "Мен және бірнеше адам, осындағы жігіттер митинг кезінде алдыңғы қатарда жүрдік. Сол үшін қамаған сияқты" деді Алтынбек Орынтайұлы соттан кейін.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

"Сол күні Тараздан қыдырып келгенін" айтқан Бекзадина "адамдар жиналып жатқанын көріп, ұлы Алтынбекпен бірге наразылыққа қатысқан".

Оқи отырыңыз: Наразылықтан кейін қанша адам жазаланды?

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан ондаған азамат әкімшілік жазаға тартылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG