Accessibility links

Апелляциялық сот Айгүл Ақбердиеваның ісін қайта тергеуге жіберді


Айгүл Ақбердиева сотта соңғы сөзін айтып тұр. Ақтау, 4 ақпан 2019 жыл.
Айгүл Ақбердиева сотта соңғы сөзін айтып тұр. Ақтау, 4 ақпан 2019 жыл.

Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваның ісі бойынша қайтадан сотқа дейінгі тергеу басталады. Бұл туралы 6 мамырда Маңғыстау облыстық прокуратурасының апелляциялық шағымын қанағаттандыру туралы Ақтаудағы сот жария еткен шешімнің қарарлық бөлігінде айтылған. Шешімнің толық бөлігін сот 15 мамырдан кешіктірмей жарияламақ.

Прокуратура тыйым салынған ұйымның "чатындағы 11 мың адамның кім екенін анықтау үшін" Ақбердиеваның ісін жаңадан қайта тергеу қажет деп санайды.

Айыпталушының адвокаты Жанат Сүндетқалиева апелляциялық соттың қаулысымен келіспейтіні туралы шағым түсіретінін айтты. Айгүл Ақбердиеваның өзі денсаулық жағдайы нашарлағанын айтып дүйсенбідегі сот отырысының аяғына дейін қатыса алмай, сот залынан шығып кеткен болатын. Соттан кейін Азаттыққа берген сұхбатында ол өзіне тағылған айыптарды тағы да жоққа шығарып, сот шешіміне қарсы шағым беретінін айтты.

Бұған дейін 6 ақпанда Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова қылмыстық кодекстің "Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру" бабы бойынша айып тағылған Айгүл Ақбердиеваның іс-әрекетінде "қылмыстық құрам жоқ" деп тауып, оны ақтау туралы үкім шығарған болатын. Онымен келіспеген прокуратура үкімнің күшін жоюды талап еткен.

Оқи отырыңыз: ҚДТ үшін айыпталған Ақбердиеваның ісінде "қылмыстық құрам жоқ"

Төрт баланың анасы 39 жастағы Айгүл Ақбердиева ақпандағы сот отырыстарында өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, "билікті басып алуға" шақырмағанын, елдегі әлеуметтік жағдай туралы өз ой-пікірін білдіргенін мәлімдеген. Прокурор судьядан Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұраған еді.

Ақбердиеваның жұбайы 45 жастағы Абловас Жұмаев та өткен жылы күзде ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыпталып, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған.

Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG