Accessibility links

Трамп Иранға тағы санкция қойды


АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ Иранға жаңа санкциялар қойды. Шектеулер болат, алюминий, мыс пен темір өндірістерін қамтиды. Санкцияға Иранда осы металдарды өндіретіндер де, Тегераннан бұл өнімдерді сатып алатындар да ілігеді. Мұндай жарлыққа 9 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды. Құжатта "Вашингтонның көздегені – кірісін ядролық бағдарламасын қаржыландыру үшін жұмсауы мүмкін Тегеранды табысынан айыру" деп жазылған.

АҚШ-тың санкция қоюына Иран билігінің ядролық келісім міндеттемелерінің кейбірін орындаудан бас тартуы себеп. 8 мамырда Иран бұл туралы Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция мен Германияға ескерткен. "Еуропа одағы елдері 60 күннен соң Иранның мұнай мен банк секторын қорғаудың амалын таппаса", Тегеран ядролық келісімдегі тағы біраз талапты орындаудан "бас тартады".

Бұған қоса, Иран өз мұнайын халықаралық нарыққа Парсы шығанағындағы Ормуз бұғазы арқылы шығаруы мүмкін екенін ескерткен. Әлемде экспортталатын мұнайдың 30 пайызға жуығы осы жолмен өтеді. Вашингтон Тегеранға жауап ретінде Парсы шығанағындағы шоғырланған әскерін көбейтіп жатыр. АҚШ шығанақ маңына әуеден соққы беретін және B-52 тактикалық бомбалаушы топтарын жіберді.

АҚШ жаңа санкциялар қойған соң Франция Иранның ядролық келісімдегі кейбір міндеттерді орындаудан бас тартқанына алаңдаушылық білдірген. Париж келісімнің қайда орындалуына, Тегеранның қаржы және экспорт көздерін санкциядан сақтап қалуға күш салмақ.

Иран ядролық бағдарламасын жапса, оның өтеуі ретінде Тегеранға қойылған халықаралық санкциялар азаяды деген уәдемен тараптар 2015 жылы келісімге қол қойған. Бірақ 2018 жылы АҚШ Иранды құжат талаптарын бұзды деп айыптап, келісімнен шығып кетті. 8 мамырда Трамп Тегеранды "ядролық амбициясынан бас тартуға шақырып", келіссөз өткізуге шақырған. "Жаңа келісімге келу үшін Иран билігімен кездесуге дайынмын" деген АҚШ президенті.

7 мамырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иракқа барып, елдің премьер-министрі Адил Абдул-Махдимен және бірнеше шенеунікпен Иран қатері туралы талқылады. Помпеоның сөзінше, Иран Ирактағы америкалық әскерилерге шабуыл жасауы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG