Accessibility links

Алматы соты адвокат Жуаспаеваға шығарылған жеке қаулының күшін жойды


Адвокат Гүлнәр Жуаспаева (оң жақта) Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Ирина Федотоваға құжаттарды көрсетіп тұр. Алматы, 14 мамыр 2019 жыл.

14 мамырда Алматы қалалық соты "Жиһадшылар ісі" бойынша берілген апелляция аясында адвокат Гүлнәр Жуаспаеваның жеке шағымын қанағаттандырып, аудандық соттың оны адвокат лицензиясынан айыру туралы жеке қаулысының күшін жойды. Сот ол қаулыны "Жиһадшылар ісі" бойынша сотталған үш азаматқа үкім оқығанда - былтыр 21 желтоқсанда шығарған. Алмалы аудандық соты мұндай қаулы шығаруына адвокат Жуаспаеваның "қылмыстық-процестік және адвокаттың кәсіби этика кодекстерінің нормаларын өрескел бұзуы себеп" деген.

Негізгі апелляциялық шағымды 44 жастағы Алмат Жұмағұлов, 52 жастағы Кенжебек Әбішев және 48 жастағы Оралбек Өміров түсірген. Өздеріне қарсы қозғалған іс бойынша сот процесінің "біржақты" өткенін, істің "саяси астары барын" және "қолдан жасалған" айыптар тағылғанын айтқан олар өздеріне шығарылған үкімнің күшін жоюды сұраған.

2018 жылы 21 желтоқсанда Алмалы аудандық соты Алмат Жұмағұловты "ұлтаралық араздықты қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деп 8 жылға соттаған. Сот "терроризмге шақырды және оны насихаттады" деп айыпталған Кенжебек Әбішевке – 7 жыл, Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кескен.

Үш белсендінің ісі бойынша сот процесі кезінде бірнеше азаматтық белсенді түсінік берген. Былтыр желтоқсанда Алмалы аудандық соты олардың түсінігінде "қарама-қайшылықтар барын" айтып, оларға жеке қаулы шығарған. Белсенділер бұл қаулымен келіспей апелляциялық шағым түсірген. 14 мамырда қалалық сот бұл шағымдарды да қарады.

Апелляциялық шағымды Алматы қалалық сотының судьясы Ирина Федотованың төрағалық етуімен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарап жатыр.

Жұмағұловты - Айман Омарова, Әбішевті - Гүлнәр Жуаспаева, Өміровті Бота Мырзатаева қорғайды. Жұмағұловтың әйелі Әсел Көпбосынова күйеуінің қоғамдық қорғаушысы ретінде сотқа қатысып отыр. Сотталған үш азамат апелляциялық сот отырысына қатысу туралы өтініш бергенімен оларды сот залына әкелген жоқ.

Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты саяси тұтқындар қатарына қосқан. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады және саяси пікірін білдіргені үшін ешкімнің қудаланбайтынын айтқан.

Оқи отырыңыз: Саяси тұтқындар тізіміндегі ескі де жаңа есімдер

Қазақстан адвокаттар құқығын қорғау комиссиясы адвокат Гүлнәр Жуаспаеваға қолдау білдірген. Комиссия "қылмыстық істе айыпталғандарды қорғағаны үшін соттау негізсіз" екенін айтып, іс материалдары бойынша адвокаттың "кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтар жоқ" деген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG