Accessibility links

Жоғарғы сот тіл сынағынан өтпей қалған Әлиевтің шағымын қанағаттандырмады


Жұматай Әлиев сотта. Нұр-Сұлтан, 15 мамыр 2019 жыл.

16 мамырда Қазақстанның жоғарғы соты Қазақстан президенті сайлауына кандидат ретінде тіркелмек болып, бірақ қазақ тілі сынағынан өтпей қалған Жұматай Әлиевтің арызын қанағаттандырмай тастады.

Судья Мадияр Балкеннің айтуынша, тіл комиссиясының шешімін сотта қарау заңда қарастырылмаған.

- Сіздің "тіл сынағы қорытындысын жарамсыз деп тану және көпшілік алдында кешірім сұрау туралы талаптарыңызды қарау" жоғарғы соттың құзырына жатпайды. Лингвистикалық комиссия шешімін сотта даулау заңда қарастырылмаған. Жоғарғы сот тек Орталық сайлау комиссиясы шешімдеріне келіспеушіліктерді қарайды, - деп түсіндірді судья өз шешімін.

Судьяның мәлімдеуінше, сот үкімі жарияланған күннен бастап күшіне енеді және бұл - соңғы шешім.

Жұматай Әлиев және адвокаты Гүлнәр Мұратәлиева сот шешімімен келіспейді. Олар сотты бір жақты өтті деп санайды.

- Әлиевтің жазған шығармасына тәуелсіз сараптама жасаттық. Бірақ сарапшыларға сараптама жайлы айтуға мүмкіндік бермеді. Тіпті жарыссөз кезінде маған адвокат ретінде сөйлеуіме мүмкіндік берген жоқ. Сотта өзім сөз сұрап алдым. Соның өзінде сөзімді бөліп, сөйлетпеді. Жарыссөз - ол адвокаттың барлық дәлелдерін келтіріп, көсіліп сөйлейтін жалғыз мүмкіндігі. Сөзді бөлуге судьяның құқығы жоқ,- деді ол.

Гүлнәр Мұратәлиева Жоғарғы сот шешімі қолдарына тиген соң ар-ождан мәселесі бойынша аудандық сотқа арызданатындарын айтты.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Оған әуелі тоғыз адам қатысуға ниет білдіргенмен, Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды тіркеген.

2 мамырда Орталық сайлау комиссиясы "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркемеді. Тіл комиссиясы Әлиев "қазақ тілін меңгермеген" деген шешім шығарған.

7 мамырда Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясының шешімімен келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Жұматай Әлиев - парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, философия ғылымдарының докторы.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG