Accessibility links

Шымкентте үйінде снаряд жарылған адам сотталды


Еңбекші аудандық сотының ғимараты.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты жеке тұрғын үйінде снарядты бөлшектеп жатқанда жарылған Оңғарсын Орынбасаровты жарты жылға бас бостандығын шектеді. Бұл туралы Азаттыққа 17 мамырда Еңбекші аудандық соттың судьясы Қайрат Ізбасаров айтты.

Сот дерегінше, 1984 жылы туған айыпталушы Орынбасаров осы жылдың ақпан айының басында Түркістан облысы Арыс ауданындағы Көксарай су қоймасынан 13 шақырым жерде жатқан 47 дана снарядты тауып алған. Көлігімен Шымкенттегі Зобадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйіне алып келген. Снарядты металл ретінде өткізбек болып туысы екеуі кескен кезде жарылған. Жарылыс кезінде екеуі де ауыр жараланған.

Бұл оқиғаға байланысты "Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру" және "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

- Жәбірленуші яғни туысымен татуласуына, оның кешірім беруіне байланысты сотталушыдан “Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру" бабы алынды, яғни қылмыстың бұл бөлігінен босатылды. Ал "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен кінәлі деп танылып, алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, - деді судья Қайрат Ізбасаров.

Азаттық тілшісі айыпталушы мен адвокатынан жауап ала алмады. Сот дерегінше, айыпталушы тергеу кезінде "айыбын толық мойындап, өкінетінін" айтқан. Жарылыс кезінде жарақат алып, оң қолы мен аяғы кесілген. Қайғылы оқиғадан кейін оған екінші топ мүгедектігі берілген.

Шымкент қаласының Еңбекші ауданы Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйде 11 ақпанда таңертең болған жарылыстан зардап шеккен екі адам қалалық ауруxананың жан сақтау бөліміне түскен. Тұрғындардың сөзінше, жарылыс болған жеке тұрғын үйде үш баласы бар жас отбасы тұрған. Жарылыс балалар мектеп пен балабақшаға, әйелі жұмысқа кеткен кезде болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG