Accessibility links

Апелляция "жиһадшылар ісімен" сотталғандардың үкімін өзгертпеді


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталғандар. Солдан оңға қарай - Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталғандар. Солдан оңға қарай - Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров.

20 мамырда Алматы қалалық соты "жиһадшылар ісі" бойынша сотталған Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Апелляциялық сотты басқарған судья Ирина Федотова алғашқы инстанцияның сот шешімі күшіне енетінін, бірақ апелляциялық соттың қаулысына қатысты кассациялық сотқа шағым түсіруге болатынын айтты.

Апелляциялық сот Алмат Жұмағұловтың жеке шағымын қарап, қаулы қабылдады. Алғашқы сот инстанциясының жарыссөзі кезінде Жұмағұлов Конституция мәтіні жазылған брошюраны жыртып, "заңды дәретхана қағазына теңеген". Алмалы аудандық соты оның бұл әрекетін мемлекеттік нышандарды қорлау деп тапқан. Апелляциялық сот "Конституция мәтіні жазылған брошюра қағаз мемлекеттік символ емес" деген қаулы қабылдап, Жұмағұловтың жеке шағымын қанағаттандырды.

2018 жылы 21 желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты Алмат Жұмағұловты "ұлтаралық араздықты қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деп 8 жылға соттаған. Сот "терроризмге шақырды және оны насихаттады" деп айыпталған Кенжебек Әбішевке 7 жыл, Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кескен.

Айыптау құжатына сәйкес, "Жұмағұлов, Әбішев пен Өміров 2017 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында бірнеше рет кездесіп, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына адамдар тарту үшін ақылдасқан".

Айыпталғандардың ешбірі өзін кінәлі деп есептемейді. Қазақстандық құқық қорғаушылардың кейбірі бұл істің "саяси астары" бар деп санайды. Билік бұған дейін олардың әлеуметтік-саяси статусына қатысты ешқандай комментарий бермеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG