Accessibility links

Нұр-Сұлтанда "заңсыз салынған" саяжай тұрғындары әкімдікке келді


Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне келген саяжай тұрғындары. 22 мамыр 2019 жыл.

22 мамырда таңертең Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы "Полянка" өндірістік кооперативінің ондаған тұрғыны қалалық әкімдікке келіп, "заңсыз салынды" делінген саяжай мәселелерін шешіп беруді талап етті. Оларды қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қабылдады.

- Бұған дейін билік "Полянка" тұрғындарына "жерді басып алды" деген статус берген болатын. Сол статусты алып тастауды не басқа жерден жеке тұрғын үй берілуін талап еттік. Содан кейін қаланың бас жоспарына енгізуді сұрадық. Әкімдікте "Полянка" тұрғындарының атынан топ құрылып, біздің мәселемізді қолға алған екен. Сол әкімшілік топқа біздің белсенділерді қосуды талап еткенбіз. Осы үш мәселемен келдік. Соның шешімін тапқандай болып шықтық. Біраз әлі де билікке сенбейміз. Сондықтан биліктің айтқан уәделерін жазбаша беруін талап еттік, - дейді тұрғындардың бірі Динара Серікбайқызы әкімдіктен шыққаннан кейін.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов наразы тұрғындарға ешкімнің далада қалмайтынын айтып, инвесторлар іздеп жатқанын айтқан. Әкімдік өкілдері осы инвесторлар үй-жайсыз қалған тұрғындардың әрқайсысына үй береді деп уәде берген.

Осыдан соң тұрғындар үйлеріне тарасқан. Биліктің уәдесі туралы хаттаманы алу үшін "Полянка" тұрғындары енді 23 мамырда кешке әкімдікке тағы баратынын айтып отыр.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі өкілдерінің дерегінше, "Полянка" өндірістік кооперативінде "заңсыз салынған" 160 үй бар. Олардың 45-іне қатысты жерді босату жөнінде сот шешімі шыққан. Тұрғындардың айтуынша, сот орындаушылары саяжайдағы үйлерді өткен жылдың шілде айынан бастап күрей бастаған. Тұрғындар үш жылдан бері биліктен баспана мәселесін шешуді талап етіп келеді.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG