Accessibility links

Астаналық белсенділердің үйлеріне тінту жүргізілгені хабарланды


Белсенді Ақмарал Керімбаеваның пәтері маңында жүрген аты-жөнін айтпаған екі азамат. 7 маусым 2019 жыл.
Белсенді Ақмарал Керімбаеваның пәтері маңында жүрген аты-жөнін айтпаған екі азамат. 7 маусым 2019 жыл.

Кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында мамыр айындағы митингілерге қатысқан бірнеше азамат үйлеріне тінту жүргізілгенін хабарлады.

Сондай белсенділердің бірі Ақмарал Керімбаеваның көпқабатты ғимараттағы пәтеріне жеткен кезде штаттық киім киген ірі денелі белгісіз екі адам Азаттық тілшісінің жолын бөгеді. Олар өздерінің аты-жөнін айтпай, біреуі тілшіні смартфонына түсіре бастады. Екеуі де камерадан жалтарып, жүздерін көрсетпеуге тырысты. "Құжаттарыңызды көрсетесіздер ме?", "Тінтуге рұқсаттарыңыз бар ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Олардың бірі кейінірек "тінту шаралары жүріп жатқандықтан" журналисті әрі қарай өткізбейтінін айтты. Алдын ала ақпарат бойынша тінту жүргізгендер Ақмарал Керімбаеваның пәтерінің есігін бұзып кірген. Журналистің жанында болған құқық қорғаушы Данияр Хасенов телефон арқылы болған жайтты полицияға хабарлады. Тағы бірнеше астаналық белсенді үйлерінде тінту болғаны хабарланды. Ресми орындар оқиғаға байланысты әзірге жауап берген жоқ.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы болады. Оған елді 30 жылға жуық басқарған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет қатыспайды. Ол наурыз айында отставкаға кеткенмен саясаттағы ықпалын сақтап қалды.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев менің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.

Қазақстанда соңғы кезде "жасанды сайлау кампаниясын" сынағандар көбейді. Олар шынайы балама кандидаттардың жоғын алға тартады. Батыс бақылаушылары бұған дейін Қазақстанда өткен бірде-бір сайлауды ашық әрі әділ өтті деп бағалаған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG