Accessibility links

Сайлау күні ұсталғандар жайлы ақпарат жоқ


Полиция наразылардың бірін ұстап әкетіп барады. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция наразылардың бірін ұстап әкетіп барады. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

10 маусымға қараған түні Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы полиция бөлімшелерінде күндіз наразылық кезінде ұсталғандардың соты өтті. Түнгі сағат екіге дейін Бостандық аудандық полиция бөлімшесінің алдында болған алматылық құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуынша, ұсталғандарға адвокаттарды кіргізбеген.

- Бостандық ауданында түнімен соттады. Алатау аудандық полиция бөлімшесінде отырғандарды түнгі сағат үште босатты. Әуезов аудандық полициясында болғандардан ақпарат жоқ. Наурызбай ауданынан ақпарат жоқ. Жетісу аудандық полиция бөлімшесінде қарындары ашып, талып қалғандар болған. Бостандық аудандық полиция бөлімшесінде менің көзімше бес рет жедел жәрдем көлігі келіп, адамдарды алып кетіп жатты. Ол жақта азаматтар түнгі 3-4-ке дейін болды. Бірде-бір адвокатты ұсталғандарға кіргізген жоқ. Маған хабарласқандар қазір телефондарын алмайды, - дейді Маржан Аспандиярова 10 маусым күні таңертең Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушы қазір Алматыдағы әкімшілік сотта кеше ұсталған бір азаматты соттап жатқанын айтты. Әзірге нақты қанша адамның ұсталып, қанша адамның әкімшілік жазаға тартылғаны туралы ақпарат жоқ.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Facebook желісінде кейбір ұсталғандарды босатқанмен көбінің жағдайы белгісіз болып отырғанын жазды.

Алматылық жас белсенділер, өзге құқық қорғаушылар да ұсталғандарға байланысты ақпарат ала алмай отырғанын айтады.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі "барлық сұрақтарға Салтанат Әзірбекқызы жауап береді, ол әзірге сапарда" деп жауап берді. Аудандық полиция бөлімшелерінен де жауап ала алмады. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі жауап бермейді.

Кеше, 9 маусымда ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы митинг кезінде 500 шақты адам ұсталғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG