Accessibility links

Бас прокуратура "заңсыз шерулер" жайлы түсініктеме берді


Қазақстан Бас прокуратурасы ғимараты. Нұр-Сұлтан, 16 шілде 2018 жыл.
Қазақстан Бас прокуратурасы ғимараты. Нұр-Сұлтан, 16 шілде 2018 жыл.

12 маусымда Қазақстан бас прокуратурасы тыйым салынған ұйымдар қызметі мен заңсыз акцияларға қатысқандар заңға сай жазаланатынын ескертті.

"Бас прокуратура елімізде заңсыз жария акцияларға жол берілмейтіндігі туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Алайда жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары қоғамдық тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдады. Бұл ретте арнайы құралдар қолданылған жоқ" деп мәлімдеді прокуратура.

Ресми ақпаратта "құқық бұзушылардың полицияға жеткізіліп, әкімшілік жауапқа тартылғаны" айтылған. Бұған қоса прокуратура елдің әкімшілік және қылмыстық заңдарында "заңсыз акциялар мен тыйым салынған ұйымдар" қызметіне қатысқандарды жауапқа тартатын баптар барын еске салған.

"Құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай бұзушылықтарға жол бермеу және олардың алдын алу үшін заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады" дейді бас прокуратура.

12 маусымда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы өтеді. Ресми мәлімет бойынша, жексенбіде кезектен тыс өткен президент сайлауында "Нұр Отан" партиясының кандидаты әрі Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан көбі, яғни 6,5 млн сайлаушы қолдаған.

Сайлау болған 9 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жүздеген адам сайлауға, билікке қарсы наразылық білдірген. Наразы халық сайлаудың әділдігіне күмән келтіріп, Астана атауын Нұр-сұлтан деп өзгертуге қарсы шыққан.

Тәуелсіз бақылаушылардың сайлау кезінде заң бұзылғанын айтқан шағымдарына Қазақстан билігі құлақ аспады. Сайлау нәтижесіне шағым түсірген тәуелсіз бақылаушылардың ондаған арызын Қазақстан соты қанағаттандырмаған.

ІІМ елде 9-12 маусым аралығында 4 мыңнан астам адам ұсталғанын хабарлаған. Адам құқығын қорғау ұйымдары наразылық кезінде полиция көшеде жай жүрген адамдарды да ұстап әкеткенін айтқан. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті. Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы президент сайлауының әділ өткеніне жиі күмән келтіреді. Қазақстан билігі сайлау жайлы сын айтқан халықаралық ұйымдардың мәлімдемесіне ресми түрде жауап бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG