Accessibility links

"Ақиқат" ЖСДП митингілер кезінде ұсталғандарды босатуды талап етті 


"Ақиқат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жиынына келген партия өкілдері мен белсенділер. Нұр-Сұлтан, 14 маусым 2019 жыл.

"Ақиқат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) партиясы Қазақстанда өткен президент сайлауын "биліктің қойылымы мен кезекті фарсы" деп бағалап, бірнеше күн қатарынан жалғасқан полицияның азаматтарды ұстауын айыптады. Бұл туралы партия 14 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында айтты.

Партия өзінің "нәтижесі белгіленіп қойған" сайлауға бойкот жариялағанын "дұрыс шешім болды" деп санайды. 9 маусымда өткен президент сайлауына кандидат ұсынбайтынын, тек бақылаушы болатындарын айтқан "Ақиқат" ЖСДП сайлау кезінде "ондаған заңбұзушылық анықтаған".

Жиын кезінде "Ақиқат" ЖСДП сайлау күні өткен митингілер кезінде азаматтарды полицияның ұстауын айыптады. "Азаматтардың қарусыз бейбіт түрде жиын өткізу құқығы Конституцияда жазылған. Бірақ билік халықтан қорқып, күш қолданып адамдарды ұстап келеді. Ұсталғандар арасында жай өтіп бара жатқандар да бар. Азаматтарды ұстау, оларды қамау - өз халқыңа зорлық қылу" дейді партия.

"Ақиқат" ЖСДП Қазақстан билігінен митингіге қатысып қамалған азаматтарды босатуды, жазықсыз азаматтарды ұстағандарды жауапқа тартуды талап етті.

Билікке оппозициялық бағытты ұстанатынын жариялаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы күзде құрылып, төрағалығына Жармахан Тұяқбай сайланған. 2009 жылы оппозициялық "Нағыз Ақ жол" партиясымен бірігіп, көп ұзамай қайта бөлінген. Биыл 26 сәуірде өткен партия съезінде Тұяқбай төраға қызметінен кетіп, орнына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи сайланды.

2016 жылы парламент сайлауында партия 1,18 пайыз дауыс жинап, мәжіліске өтуге қажетті жеті пайыздық межеге жете алмаған.


Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді.

10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті. Билік наразылық шарасына қатысушыларды "арандатушылар" деп атап, азаматтарды "қажет болған соң" ұстаған полиция "кәсіби міндетіне сай" әрекет қылды деп мәлімдеді.

Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Қазақстан билігі елдегі митингіге "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылыққа шыққандардың біразы ҚДТ қозғалысына қатыстары жоғын, елде өзгеріс болғанын қалайтындарын айтады.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG