17 маусымда Оралда сот "Уральская неделья" газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияровқа "полицияға бағынбады" деп, 50 500 теңге (шамамен 130 АҚШ доллары) айыппұл салды.
12 маусым күні Оралда бір топ адам кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына қарсы акциясын өткізбек болған. Сол сәтте полиция жиналғандарды ұстап әкеткен. "Уральская неделья" газетінің тілшісі де наразылардың жанында тұрған және оны да тәртіп сақшылары өзгелермен бірге алып кеткен.
Ахмедияровқа қатысты хаттаманы полиция осы оқиғадан үш күн өткен соң толтырған.
17 маусымдағы сотта куәгер ретінде полицияның бірнеше өкілі сөйледі. Құзырлы орган өкілдері "журналисті аты аталмаған қылмыстық іске куәгер ретінде Нұрмағамбетов есімді тергеушінің тапсырмасы бойынша полиция бөліміне апарғандарын" айтады.
Ахмедияров "полиция өзін күштеп ұстап әкетті" дейді. Оның сөзінше, акция өтеді деген жерде ешқандай ұран айтпаған, қолына плакат ұстамаған, қызмет бабы бойынша хабар тарату үшін видеотүсірілім жасап тұрған.
Ахмедияров сотта прокурорға сенімсіздік білдіріп, шағым түсірді. Бірақ сот шағымды қайтарып тастады.
Куәгер ретінде жауап берген Байтелепов есімді полиция қызметкері "Ахмедияров аяғымнан шалмақ болды және қоқан-лоқы көрсетті" десе, Мұхамбетқалиев есімді тағы бір полицей "Ахмедияров иығымен бас киімімді қағып түсіріді" деді. Бірақ сотта көрсетілген видеода бұл айыптар дәлелденбеді.
Сот аяқталған соң Ахмедияров Азаттыққа "айыпты мойындамайтынын" айтты.
- Мұны әділ сот деп атауға болмайды. Куә ретінде хаттама толтырған полицейлерді тыңдады. Прокурор оларды қолдап, хаттама толтыру кезінде кемшілік көп кеткеніне назар аудармады, - дейді Ахмедияров.
Қазақстанда билік рұқсат етпеген митингілер президент сайлау өткен 9 маусымда және 10-11 маусым күндері өткен. Наразылар президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық білдіріп, кейбірі қамауға алынғандарды босатуды талап еткен. 12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталған.
Ресми дерекке қарағанда, 9-11 маусым күндері 957 адам полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауапқа тартылған. Оның 657-сіне - қамау, 128-іне айыппұл кесіліп, 168 адамға ескерту берілген.
ПІКІРЛЕР