Accessibility links

БҰҰ: Әлем халқы санының өсу қарқыны бәсеңдеп келеді


БҰҰ логосы.

2050 жылы Жер бетіндегі адам саны шамамен тоғыз миллиард 700 миллионға жетеді. Бұл туралы 17 маусымда БҰҰ-ның халық саны туралы жарияланған кезекті есебінде айтылған. БҰҰ дерегінше, әлемде халықтың өсу қарқыны азайып, бірқатар елде қарт адам саны көбейген. Үндістан жақын арада Қытайды басып озып, әлемдегі халқы ең көп елге айналмақ.

БҰҰ есебіне сүйенген Pew зерттеу орталығы 22 ғасырдың басында әлем халқы санының өсімі кідіреді деп жазады. 2050 - 2100 жылдар аралығында өсу қарқыны күрт азайып, оның көрсеткіші бір миллиард 300 миллион адам болады деп болжайды зерттеушілер.

БҰҰ есебінде Үндістан халқы жағынан Қытайды 2027 жылы басып озады делінген. Болжам бойынша, әлемнің тоғыз елінде – Үндістан, Нигерия, Пәкістан, Конго, Эфиопия, Танзания, Индонезия, Египет пен АҚШ-та халық саны өседі. Дегенмен бұл елдерде бала туу едәуір бәсеңдейді. 1990 жылы бір анаға 3,2 баладан келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш – 2,5, ал 2050 жылы – 2,2 болады делінген ұйым есебінде.

2050 жылы жердегі әр алтыншы адамның жасы 65-тен асады. 2018 жылы әр 11 адамның бірі сондай жаста болған. 2050 жылы Еуропа мен Солтүстік Америка елдері халқының төрттен бірі 65 жастан асып, елдің әлеуметтік қамтамасыз ету, зейнетақы мен денсаулық саласына жұмсайтын қаржысы едәуір көбейеді деп болжанып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG