Accessibility links

Министр: Қазақстанда митинг кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталды


Наразылық акциясына жиналған азаматтар мен полиция жасағы. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Наразылық акциясына жиналған азаматтар мен полиция жасағы. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

18 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елде жақында болған наразылық шаралары барысында төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Бұл туралы ол Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауабында айтты.

"Маусымның 9, 10, 11, 12 және 13-і күндері – бес тәулік ішінде Қазақстанның бірқатар қаласында бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ескертуіне қарамастан рұқсат етілмеген митингілер өтті. Ол азаматтар митинг, шеру және демонстрация өткізу туралы заңды бұзды. Құжатта қандай да бір акция ұйымдастыру алдында жергілікті атқарушы органға өтініш беру керек деп көрсетілген. Митингіні жергілікті атқарушы орган рұқсат берген жағдайда ғана ұйымдастыруға болады" деді Тұрғымбаев.

Министрдің сөзінше, полицейлерге арнайы құралдарды қолданбау туралы бұйрық берілген.

"Полицияның тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін қолданатын газ, резеңке тәрізді арнайы құралдары бар, бірақ оларды қолданған жоқ. Тек күш қолданды. Төрт мыңға жуық адам ұсталды" деді министр.

Оның сөзінше, полиция үш мың азаматты үш сағат ұстаған соң ескерту жасап, босатқан, 677 адам сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған, 305 адамға айыппұл салынған.

Ішкі істер министрі шеру кезінде полиция қызметкерлері зардап шекті деп мәлімдеді.

"300-ден астам полиция қызметкері зардап шекті, олардың алтауы қазір ауруханада жатыр. Олардың бір бөлігі 9, 10 және 11 маусымда [зардап шеккен]. Бұл деректі ешқашан айтпағанбыз, мен алғаш рет айтып тұрмын. Көбі жеңіл жарақат алған. Кейбірінің жіліншігі сынған, бас сүйегі мен миына зақым келген, полицияға шабуылдағандар ұрып, теуіп, жұлқылап, таспен, таяқпен, темірмен ұрған" деді Тұрғымбаев.

Бұған дейін, 13 маусымда Қазақстан ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов "қоғамдық тәртіпті қалыпқа келтіру кезінде үш полиция зардап шеккен" деп мәлімдеген.


Қазақстанда билік рұқсат етпеген митингілер президент сайлауы өткен 9 маусымда және 10-11 маусым күндері өткен. Наразылар президент сайлауына және оның ресми қорытындысына қарсылық білдіріп, кейбірі қамауға алынғандарды босатуды талап еткен. 12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталған.

Президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылып, 12 маусымда қызметіне кіріскен президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның наразыларды ұстауын "міндетті шара" деп атаған. Қазақстан ішкі істер министрлігі наразылық акциясына қатысушыларды "арандатушылар" деп сипаттады. Бас прокуратура "заңбұзушылықтарға одан әрі тосқауыл қоюға" уәде еткен.

Бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігі 9-10 маусым күндері 700-ге жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Құқық қорғаушылар "билік ұсталғандар санын тым азайтып көрсетті, ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады" деп мәлімдеді. Министрлік Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған.

12 маусымда Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі басқармасы "Бейбіт наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне айқын қайшылық" деп мәлімдеген. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG