Accessibility links

Тәуелсіз бақылаушылар: Сайлаудағы заңбұзушылықтарды топтастырып жатырмыз


"Тәуелсіз бақылаушылар альянсының" отырысы. Нұр-Сұлтан, 19 маусым 2019 жыл.
"Тәуелсіз бақылаушылар альянсының" отырысы. Нұр-Сұлтан, 19 маусым 2019 жыл.

19 маусымда Нұр-Сұлтанда өздерін "Тәуелсіз бақылаушылар альянсының" мүшелеріміз деп таныстырған бір топ азамат президент сайлауы күні жасалған актілер, хаттамалар, заңбұзушылықтар, түрлі материалдарды топтастыру мәселесін талқылады. Сайлау күні заңбұзушылықтардың көп болғанын айтқан бақылаушылар әділдікке қол жеткізгілері келетінін жеткізді.

- Осы уақыт бойы біз жер-жерлермен хабарластық. Бәрі уақытқа байланысты. Әрине, бір күн, бір аптаның ішінде бәрін топтастыру мүмкін емес. Ақтау, Ақтөбе, Қарағандыдан жіберіп жатыр. Бүгінгі жиынға Қарағанды, Көкшетаудағы өкілдеріміз де келді. Жоспарларымызды кезең-кезең бойынша орындаймыз. Жалпы халықтың әділдікке, сайлауға, ел тағдырына деген көзқарастары бізді қуантып жатыр. Қызығушылықтары жоғары, - деді альянсты құрған азаматтардың бірі Құрманғазы Айтмырза.

Құрманғазы Айтмырза.
Құрманғазы Айтмырза.

Оның айтуынша, бұл альянстың өзі сайлаудан кейін пайда болған. Тәуелсіз бақылаушылардың сөзінше, қазірдің өзінде ұзақтығы шамамен 45 минутқа созылатын сайлау жайлы видеоролик те дайын болған.

25 шақты адам қатысқан жиында альянстың әрі қарайғы жұмысы да талқыланды. Құрманғазы Айтмырза топ мүшелерінің алдағы уақытта альянсты ресми түрде тіркету ойлары барын да жеткізді. Бірақ "альянстың қанша мүшесі бар?" деген сұраққа нақты жауап бере алмады.

Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар президент сайлауы мен оның ресми қорытындысына қарсылық білдірді.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингілер кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар "билік ұсталғандар санын тым азайтып көрсетті, ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады" деп мәлімдеді. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау қорытындысының бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.

Қарай отырыңыз: Тәуелсіз бақылаушылар неге сайлау нәтижесіне наразы? (18 маусым 2019 жыл).

Сайлау нәтижесіне тәуелсіз бақылаушылар неге наразы?
please wait

No media source currently available

0:00 0:47:45 0:00

12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы "Бейбіт шеруде наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне қайшы екені анық" деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG