19 маусымда Қазақстан Бас прокуратурасы таяуда өткен кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі заңбұзушылықтар туралы мәлімдеме жасап, сайлау "заңнама нормаларына сай өтті" деді. Бұл туралы ведомство өзінің ресми сайтында жариялады.
Мәлімдемеде"президент сайлауының нәтижесіне күмән келтіруге негіз болатын заңбұзушылықтар болмады" деп жазылған.
Прокуратура БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған бюллетеньдерді топтап салу мен басқа да заңбұзушылықтар туралы видеолар бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын айтады. "Мәліметтердің көбі расталмады" деп жазады ведомство. Әлі жалғасып жатқан тексеру қорытындысы бойынша заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту үшін Бас прокуратура материалдарды "сотқа жібермек".
Ведомство дерегінше, сайлау кезінде 36 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сотқа жіберілген. Оның отызы сотта қаралған, алтауы қаралып жатыр. "Басқа адамдар атынан дауыс беру үшін азаматтарға бюллетеньдер бергені үшін учаскелік сайлау комиссиясының 11 мүшесі әкімшілік кодекстің 110-бабымен жауапқа тартылды. Оларға 25 айлық есептік көрсеткіш (63 125 теңге) көлемінде айыппұл салынды" деп жазады ведомство.
Мәлімдемеге қарағанда, отбасы мүшелері үшін бюллетеньдер алған тоғыз сайлаушыға сайлау құқығы туралы талапты бұзғаны үшін айыппұл салынған. "Осы бап бойынша тағы төрт іс әлі сотта қаралып жатыр" дейді прокуратура.
9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жетпіс пайыздан аса дауыспен жеңіп шыққан. Сайлау кезінде де, нәтижесі шыққан соң да Қазақстанның бірнеше қаласында мыңдаған азамат наразылыққа шығып, бірі сайлауға бойкот жариялап, кейбірі дауыс беру нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.
Сайлаудан соң тәуелсіз бақылаушылар да дауыс беру кезінде жаппай заңбұзушылық болғанын айтқан. Олардың кейбірі бақылаушылар алған хаттама мен сайлау комиссиясы бекіткен хаттама нәтижелерінде айырмашалық барын айтып, Тоқаевты "заңсыз президент" деп тануды талап еткен.
Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, "карусель" сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. 9 маусымда Бас прокуратура сайлау күні 19 заңбұзушылық фактісі тіркелгенін хабарлады. Бірақ хаттамаларды қайта жазу оқиғаларына байланысты түсініктеме бермеді.
Қарай отырыңыз: Жазуды өшіретін қаламсап, алдын ала белгіленген бюллетень (9 маусым 2019 жыл).
12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы "Бейбіт шеруде наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне қайшы екені анық" деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырды.
ПІКІРЛЕР