Accessibility links

Мәми: Сайлау Конституция талаптарына сай өтті


Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми.
Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми.

20 маусымда Қазақстан парламентінің бірлескен отырысында Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми "9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы Конституцияға сай өтті" деп мәлімдеді.

"Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда отставкаға кететінін айтып, өз еркімен мемлекет басшысы құзыретінен бас тартты. Билік сенат төрағасына өтті. Кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Мемлекет басшысы құзыретін тапсыру процесі мен кезектен тыс сайлау Конституция талаптарына сай өтті" деді Мәми.

Кеңес төрағасы "билік тыныш, ешбір дау-жанжалсыз тапсырылды" деді.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай билеген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіп шыққан.

Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, "карусель" сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. 9 маусым күні кешке бас прокуратура сайлау күні 19 заңбұзушылық фактісі тіркелгенін хабарлады. Бүгін, 20 маусымда прокуратура БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған бюллетеньдерді топтап салу мен басқа да заңбұзушылықтар туралы видеолар бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын айтты. "Мәліметтердің көбі расталмады. Сайлау нәтижесіне күмән тудыратын заңбұзушылықтар болған жоқ" деп жазды ведомство.

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына байланысты есебінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы "сайлау басқару партиясы басымдыққа ие сыни пікірлер шектелген саяси ортада өтті" деп мәлімдеген. Ұйымның пікірінше, Конституция пікір айту еркіндігі мен ақпарат алу құқығының қорғалуына кепілдік берсе де, бұл құқықтар заңнамамен шектелген. ЕҚЫҰ есебінде сайттар мен әлеуметтік желілердің жартылай шектелгені де жазылған. Ұйымның жазуынша, сайлауалды кезеңде ақпарат құралдарында қазіргі президент кеңінен насихатталды, оны бұрынғы президенттің қолдауы да кандидаттарға тең мүмкіндік берген жоқ.

Ұйымның жазуынша, жиналу еркіндігі, бірлестіктер жұмысына қатысу сонымен бірге саяси өмірге араласу құқықтарының шектелі бұған дейінгі бар құқықтық базадағы ірі кемшіліктермен бірге елде демократиялық сайлау өткізуді қиындатты. Ұйымның жазуынша, Қазақстанның бұған дейін айтқан басты ескертпе-ұсыныстарды ескермеген.

Елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. Шымкентте жиырмаға жуық адам ұсталды. 10 маусым күні сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті. Полиция бөлімшелерінде көшпелі сот өтіп, жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылды. Уақытша қамау орындары толып кеткендіктен олардың бір бөлігі көрші аудандарға жеткізілді.

Батыс бақылаушылары Қазақстанда осы кезге дейін өткен президент және парламент сайлауларының ешбірі еркін және әділ өтпегенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG