Accessibility links

Трамп: Иран америкалық дронды абайсызда атып түсірген сияқты


Америкалық Global Hawk дроны.
Америкалық Global Hawk дроны.

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық барлаушы дронды Иран тарабы 20 маусымда «абайсызда атып түсірген деп ойлайтынын, бұл қасақана шабуыл екеніне сену қиын» екенін айтты. Трамптың сөзінше, құлаған аппаратта ұшқыш болса, бұл оның жағдайға қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертер еді.

Ирандық БАҚ америкалық дрон елдің әуе кеңістігіне кіріп кетіп, оны әскерилер оңтүстіктегі Хормозган провинциясында «Хордад» зымыранымен атып түсіргенін жазып жатыр.

АҚШ теңіз әскери күштерінің өкілі Билл Урбан Тегеранның мәлімдемесін жоққа шығарып, аппараттың халықаралық әуе кеңістігінде ұшып жүргенін мәлімдеді. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери күштерінің бас қолбасшысы Джозеф Гуастелланың сөзінше, дрон биікте, Иран жағалауынан 34 шақырым жерде ұшып жүргенде атылған.

Саяси сарапшылар Трамптың пікірін Парсы шығанағында Иран мен АҚШ арасында болған бірнеше жағдайдан соң ахуалды ұшықтырмау ұмтылысы деп бағалады. Парсы шығанағы әлемдік мұнай тасымалындағы негізгі жол саналады. Иран америкалық дронды атып түсіргені туралы ақпарат шыққан соң мұнай бағасы біршама құбылған.

Өткен аптада Ормуз шығанағы арқылы өтетін норвегиялық және жапониялық екі кемеге шабуыл жасалған. Пентагон шабуыл кезінде Иранда жасалған миналар пайдаланылғанын айтады. 19 маусымда Ирактың Басра провинциясы аумағынан зымырандар ұшырылып, америкалық Exxon Mobil энергетикалық компаниясы мен басқа да шетелдік мұнай компаниялары шоғырланған кешенге тиген. Иран екі кемеге жасалған шабуылға да, атылған зымырандарға да қатысы жоғын мәлімдеген.

АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Вашингтонның Иранмен әскери қақтығысқа түсуге ниеті жоғын айтып, ушыққан ахуалды басуға шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG