Accessibility links

Арыстағы жарылыстан соң Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды


Арыстағы жарылыстың көрінісі. 24 маусым 2019 жыл.

Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Түркістан облысының әкімдігі аймақта төтенше жағдай жариялады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындарын толық эвакуациялау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook желісінде хабарлады.

"Жарылыстың ауқымын көріп, [Арыс] қаласын толық эвакуция жасауымыз керек. Сондықтан барлық бағыттар бойынша арнайы көліктер адамдарды жақын маңдағы елдімекендердегі арнайы лагерьлерге апарады" деді Шөкеев.

Облыс әкімдігі Ордабасы және Отырар ауданында әрқайсысы жүз орындық екі госпиталь ашылғанын хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасына "қорғаныс, ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласындағы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет" деп жазды.

24 маусымда Арыстағы әскери қоймада жарылыс болды. Жарылыс жайлы хабар таңғы 9.20-да түскен. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Төтенше жағдайлар комитеті өртті сөндіру үшін ондаған өрт сөндіруші мен техника жұмылдырылғанын айтты.

Түркістан қаласы әкімдігі зардап шеккендер туралы ақпарат анықталып жатқанын хабарлады. Қазақстан ішкі істер министрлігі "қазірге дейінгі ақпарат бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ" деп мәлімдеді. Ал қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар комитеті және арнайы комиссия "апат себептерін анықтап жатыр".

Қазақстандық ақпарат агенттіктері Арыс тұрғындары көшіріліп жатқанын жазды. Қазақстандық басылымдардың хабарлауынша, алғашқы қырық автобус тұрғындарды эвакуациялау үшін жолға шығып кеткен.

Арыста бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

2014 жылы Арыс қаласындағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан.

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

43 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласы Шымкенттен 97 шақырым жерде жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG