Accessibility links

Арыстағы жарылыстан ондаған адам зардап шекті. Үш адамның халі ауыр


Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккендердің бірі. Шымкент, 24 маусым 2019 жыл.

Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен 25 адам Шымкенттегі № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның бесеуі - бала. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбайдың айтуынша, халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылған. Бұдан бөлек, Отырар ауданындағы орталық ауруханасында Арыстағы жарылыстан жапа шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00

24 маусымда Нұр-Сұлтанда журналистер сұрағына жауап берген Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев "Төтенше жағдайдың ауқымы мен себебі туралы ақпарат жоқ" деді. Сондай-ақ ол жарылыс болған әскери қоймада қанша қару-жарақ пен қарудың қандай түрлері сақталғанын айтқан жоқ. Оның сөзінше, "жұмылдырылғандар өрт шыққан жердегі отты сөндіруге тырысып жатыр".

"Белгілі бір уақыт өтуі керек. Шын мәнінде не болғанын білмейміз. Бірдеңе тұтанды ма, жанып кетті ме – жауап бере алмаймын" деді Дәндібаев. Оның сөзінше, бұл жағдай 2009 жылғы оқиғадан "мүлде басқаша".

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Түркістан облысының әкімдігі аймақта төтенше жағдай жариялады. "Жарылыстың ауқымын көріп, [Арыс] қаласын толық эвакуция жасауымыз керек. Сондықтан барлық бағыттар бойынша арнайы көліктер адамдарды жақын маңдағы елдімекендердегі арнайы лагерьлерге апарады" деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімдігі Ордабасы және Отырар ауданында әрқайсысы жүз орындық екі госпиталь ашылғанын хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасына "қорғаныс, ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласындағы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет" деп жазды.

24 маусымда Арыстағы әскери қоймада жарылыс болды. Жарылыс жайлы хабар таңғы 9.20-да түскен. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Төтенше жағдайлар комитеті өртті сөндіру үшін ондаған өрт сөндіруші мен техника жұмылдырылғанын айтты.

Қазақстандық ақпарат агенттіктері Арыс тұрғындары көшіріліп жатқанын жазды. Қазақстандық басылымдардың хабарлауынша, алғашқы ондаған автобус тұрғындарды эвакуациялау үшін жолға шығып кеткен.


Арыста2014 және 2015 жылы да жарылыс болған. 2014 жылы Арыс қаласындағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан.

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

43 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласы Шымкенттен 97 шақырым жерде жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG