Accessibility links

Арыста жарық жоқ. Интернет пен байланыс нашар


Арыстағы жарылыстың көрінісі. Түркістан облысы, 24 маусым 2019 жыл.

Арыстағы әскери қоймада жарылыс шығып, ондаған мың адам жаппай көшкен соң "қауіп сейілмей жатып", құжаттары мен дүние-мүлкі қараусыз қалғанын айтқан тұрғындар қалаға қайта бастады. Бірақ Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бақылау-өткізу пунктінде тұрған әскерилер оларды қалаға өткізбей тұр.

Арыс қаласына таңертең 10.00-де кірген Азаттық тілшісі қала ішінде адам жоғын, ілуде бір ғана тұрғындар байқалатынын айтады. Жарылыс кезінде қаладан шықпай қалып қойғандар да бар.

Азаттық тілшісінің сөзінше, Арыста қазір жарық жоқ, жанармай сататын бекеттер жұмыс істемейді. Интернет пен байланыс жұмысы нашар. Қаладағы кейбір дүкендер мен мейрамханалар өртенген. Жарылыстан мемлекеттік мекемелердің, тұрғын үйлер мен қаладағы вокзалдың есік-терезесі шағылған.

Арыстағы жарылыстан кейінгі ахуал. 25 маусым 2019 жыл.

AzatNews 25.06.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:16:08 0:00

​Азаттық тілшісі кейбір сауда орындарының әлі өртеніп жатқанын айтады. Қала ішін ұры-қарыдан қорып, полицейлер жүр. Бүгін, 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Арыста 75 полицей жүргенін, "дүкен мен тұрғын үйді тонаған" үш адамның ұсталғанын хабарлаған.

Азаттық тілшісінің сөзінше, Арыс вокзалында пойыздар жүрмей тұр. Камераға сөйлеуден бас тартқан полицейлер вокзалдағы қозғалыс жарылыс басталған бірер сағаттан соң тоқтағанын айтады. Шымкент вокзалынан шығып, Арыс арқылы түрлі қалаға қатынайтын пойыздар тоқтаған.

Шымкент вокзалына келгендерді Түркістан арқылы жіберу үшін жолаушыларды ондаған арнаулы автобус тегін тасымалдап жатыр. "Бішкек пен Алматыға баратын пойыздың бәрі тоқтаған" дейді Азаттық тілшісі. Бір бағытқа баратын екі пойыздың жолаушылары бір пойызға отырып кеткен.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс қаласы маңында орналасқан артиллериялық снарядтар сақтаулы тұрған қоймада, қорғаныс министрлігінің дерегінше, өрт шығып, әскери оқ-дәрілер жарылған. Түркістан облысы әкімдігі жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрлігі "қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын" хабарлады.

Қазақстан үкіметі апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі - Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам - әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Тоғыз адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, 39 мың адам өз бетімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Шамамен 3500 мың адам Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының кейбірі эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі "Ақмешіт" мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Түркістан облысына 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барған. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың арыстықтармен кездескенін, билік азаматтардың баспанасын қалыпқа келтіріп беретінін айтып, сабырға шақырғанын хабарлады. Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан, 45 мыңнан аса тұрғыны бар Арыста соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болып, он шақты адам қаза тапқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG