Accessibility links

Тоқаев тұрмысы төмен топтардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиттерін өтеуді тапсырды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен топтардың кредитін өтеу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат 26 маусым күні Ақорда сайтында жарияланды.

Жарлыққа қарағанда, 1 маусымға дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешіріледі. Жарлықты іске асыру үшін Тоқаев үкімет пен Ұлттық Банкке тапсырма берді.

Президент жарлығында тұрмысы төмен топтардың кредитін өтеуге қаржының қайдан алынатыны айтылмайды.

Қазақстандық басылымдардың жазуынша, 26 маусымда БАҚ өкілдеріне жүлде тапсыру рәсімінде сөйлеген Тоқаев өзінің бұл жарлығын "көмекке мұқтаж азаматтарға бұрын-соңды болмаған жәрдем" деп бағалаған. Оның сөзінше, 500 мыңға жуық қазақстандық "кредитін төлей алмай жүр".

"Тұрмысы төмен азаматтарға берілген кредиттердің 86 пайызы 1 миллион теңгеге жетпейді. Қарыздың орташа мөлшері – 300 мың теңге. Бір реттік науқан аясында мемлекет жағдайы жоқ азаматтардың 300 мың теңгеге дейін негізгі қарыздары мен оған есептелген сыйақыны өтейді" деді президент.

Тоқаевтың айтуынша, жарлық аясында кредит алғандардың 55 пайызының, яғни 250 мың тұрмысы төмен адамның кредиті толық есептен шығарылады. "Қалған борышкерлердің 300 мың теңге қарызы өтеледі" дейді ол.

Бұдан бөлек, Тоқаев жарлықта Ұлттық банкке "табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға кредит беруге тыйым салуды" тапсырған.

Ақордада жарияланған қаулыға қарағанда, жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Құжаттың орындалу барысын президент әкімшілігі қадағаламақ.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.

6 ақпанда Нұр-Сұлтанда аналар Астана концерт залындағы жиында биліктен "бір реттік науқан ретінде басында баспанасы жоқ, бірақ банктен несие алған аналардың бір мың айлық есептік көрсеткіші мөлшеріндегі несиесін кешіруді" талап еткен.

Алматы мен Шымкенттегі наразылық кезінде де аналар кредитін төлеуге қиналып отырғанын айтып, үкіметтен жеңілдік сұраған. Наразы аналардың біразы тапқан табыстары кредитке кететінін, баспана алуға мүмкіндіктері жоғын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG