Accessibility links

Министрлік: Арыс қаласынан 500-ден астам жарылғыш зат шығарылды


Сапер снаряд сынығын қазып алып жатыр. Арыс, 26 маусым 2019 жыл.
Сапер снаряд сынығын қазып алып жатыр. Арыс, 26 маусым 2019 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаевтың сөзінше, қазірге дейін Арыс қаласынан 500-ден астам жарылғыш зат шығарылған. Мұндай деректі ол 26 маусымда Түркістан облысы Отырар ауданы Ақжол ауылында өткен баспасөз жиынында айтты.

Вице-министрдің сөзінше, әскери объектіде бықсып жанып жатқан бірнеше жер бар және ол жақын арада сөндіріледі. Құрманбаев "Арыс қаласындағы негізгі көшелер мен алаңдар тазартылды, бірақ аулаларда қауіпті жарылғыш заттар әлі де бар, қалада 400-ден астам сапер жұмыс істеп жүр" деді. Құрманбаевтың айтуынша, әскери қойманың 70 пайызы жарылған. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев қауіп сейілмегендіктен Арыс тұрғындарын қалаға кіргізу 28 маусымға шегерілгенін айтты.

Бұған дейін қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов "Арыстағы №44856 әскери базасының маңындағы қару-жарақ қоймасы 60-жылдардан бері жұмыс істеп келеді" деген.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің есебінше, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары "билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз" деп шағынды. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының "биліктен мардымды көмек болмай жатыр" деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG