Accessibility links

Арыс тұрғындары паналаған пунктердегі ахуал


Дәрігерлер Арыс тұрғынына көмек көрсетіп жатыр. Шымкент, 26 маусым 2019 жыл.

Арыстағы жарылыстан кейін Шымкентке келген мыңдаған адам қазір эвакуациялық пунктерде жатыр. Олар «биліктен мардымды көмек болмады» деп шағымданады. Ал жергілікті билік «Арыстан келгендерге қолдан келгенше көмек көрсетіп жатқандарын» айтады. Шымкентке келген Арыс жұртының кейбірі жарылыстан үйлерінің қирап қалғанын айтып, биліктен баспана салып беруді сұрайды.

«ҚҰНДАҚТАУЛЫ БАЛАММЕН ҚАШТЫМ»

Шымкент қаласы әкімдігінің есебінше, маусымның 24-і күнгі Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстан соң Шымкентке келген тұрғындар саны 26 мыңнан асты. Олардың кейбірі туысқандарының үйіне барса, кейбірі қала тұрғындарының үйінде жатыр. Ал Түркістан облыстық әкімдігі ашқан Шымкенттегі 40-тан астам эвакуациялық пунктерді мыңдаған адам паналап отыр. Сондай пунктілердің бірі – «Ақмешіт» мешітіне маусымның 26-ы күні тағы мыңнан астам адам жиналды. Көбінің жанында балалары бар. Құндақтаулы баламен жүргендер де кездеседі. Мешіт алдындағы көгалға көрпе-көпшік төселген. Кейбірі осы жерде түнеген. Көбінің қолында нан мен су. Араларында бір реттік пайдаланатын ыдысқа тамақ салып алғандар бар. Мешіт қызметкерлері еріктілер алып келген киім-кешекті мешіттің артына төккен. Онда әйелдер отбасына қажетті киімдерді қарап, теріп алып жүр.

Мешіт жанында он шақты медбике қан қысымы көтерілген, басы ауырған не жүрегі айнып, іші ауырған адамдарға медициналық көмек беріп жатыр. Арыстан келген жұртты тіркеуге алып жатқан төтенше жағдай өкілдері де осында. Әр жерде қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген полицейлер де бар. Мешітке жақын көше бойындағы ағашты көлеңкелеп жүздей адам отыр. Ондағы балалардың бірі - ұйықтап, бірі ата-анасының етігінен ұстаған. Ойнап жүрген бала жоқ.

Шымкенттегі "Ақмешіт" мешітінің маңында отырған тұрғындар. 26 маусым 2019 жыл.
Шымкенттегі "Ақмешіт" мешітінің маңында отырған тұрғындар. 26 маусым 2019 жыл.

​Бірін-бірі таныған тұрғындар Арыс қаласына кіргендерден қаланың күйін сұрап жатыр. Кейбірі үйінің жанып кеткенін естіп, «енді қайттік, қайда барамыз?» деп жылайды.

«Үйден шыққанымыз сол еді, үйге снаряд түсіп жарылды. Құндақтаулы баламмен бірге жерге құладым. Екі кішкентай балам етегімнен ұстап алған. Бәріміз қырға қарай қаштық. Үйіміз қирады. Арысқа бармаймыз, бара алмаймыз» деп жылады шамамен 30 жастағы келіншек.

Арыстықтардың ертеңгі күні не болады? Арысқа баруға қорқамыз. Жүрегіміз ауырып тұр.

Оның сөзін қоштаған жанындағы үш келіншек те «үйге бара алмаймыз» десті. Өзін Сәуле Байдабекова деп таныстырған тұрғын Арысқа баруға қорқатынын айтып көзіне жас алды.

- Арыстықтардың ертеңгі күні не болады? Арысқа баруға қорқамыз. Жүрегіміз ауырып тұр. Көзімізді ашсақ, соғыс сияқты болды. Қалай өмір сүреміз, қалай тыныш ұйықтаймыз, келешегіміз не болмақ? - деді ол.

Мешіт маңындағы әйелдер «балаларымыз Арыста түсірілген видеоларды көргенде бетін басып, басын шайқайды. Үш күніміз үреймен осы мешітте өтті» деді.

Көңілдері түскен әйелдердің жанына еріктілер азық-түлік пен киім-кешек әкелді. Сол маңда отырған отыз шақты әйел жалма-жан тұрып, киім-кешектерге таласты. Қолына тиген затты алып шыққан әйелдің бірі «жалаң аяқ жүрміз, таласпағанда қайтеміз» деді. Мұндай сәттер бірнеше рет қайталанды. Бір уақытта сол маңға келген ер адам жиналып тұрғандарға ақша үлестіре бастады. Жақын жерде жол бойында отырған жас отбасыны ақшаға таласқан адамдар басып кете жаздады.

Шымкенттегі дәрігерлер Арыс тұрғынына көмек көрсетіп жатыр. 26 маусым 2019 жыл.
Шымкенттегі дәрігерлер Арыс тұрғынына көмек көрсетіп жатыр. 26 маусым 2019 жыл.

«Ақмешіт» маңында жүрген бірнеше тұрғын Азаттық тілшілеріне тек еріктілер ас-сумен көмектесіп жатқанын, биліктен «мардымды көмек болмай отырғанын» айтып шағымданды.

«ҚАНСЫРАП, ҚАЙТЫС БОЛДЫ»

«Ақмешіттің» маңында Арыстағы жарылыс кезінде қаза тапқан 55 жастағы Панабек Есмағанбетовтің туыстары да жүрді. Марқұмның туысы Асылан Есенбаевтың айтуынша, Панабек Есмағанбетов жарылыс болғанда үйінен шығып қырға қашқан. Қашып бара жатқанда жанына снаряд түсіп, қалдықтары тиген. Оқиға орнында қансырап қаза тапқан марқұмның денесін жедел жәрдем қызметі Шардара қаласындағы мәйітханаға жеткізген.

- Әйелінің қан қысымы көтеріліп, Шардарадағы аудандық ауруханада жан сақтау бөлімінде жатыр. Мектепте оқитын баласының аяғы күйген. Ол да жан сақтау бөлімінде жатыр. Екеуімен де сөйлесе алмай отырмыз. Дәрігерлер рұқсат етпеді. Панабекті бір күн іздеп, денесін мәйітханадан таптық, - дейді Асылан Есенбаев Азаттыққа.

Маусымның 26-сы күні «Ақмешіт» мешітінде Панабек Есмағанбетовтің жаназасы шығарылып, қаладағы зираттардың біріне жерленді.

«БАЛАЛАРЫМА ТАМ КЕРЕК»

Шымкенттегі Тұрар Рысқұлов көшесінде орналасқан «Алтын бала» балабақшасында Арыстан келген екі жүзге тарта адам жатыр. Олар еріктілер мен жергілікті әкімдік көмек беріп жатқанын айтады.

Шамамен 200 шаршы метрге жететін залдың ортасында жерге екі қатарға ондаған төсек салынған. Осы жерде жеті баласымен жатқан ана Разия Мырзалиева жарылыс болған күнді күрсіне еске алады.

- Күйеуім Арыстағы әскери бөлімшеде істейді. Жұмысқа шақырып, сонда кетті. Жарылыс болған күні жеті баламмен бірге көршімнің үш баласын алып қаштық. Апамызды кейін таптық. Шашырап кеттік, - деді ол.

Осы тұста әңгімеге Разия Мырзалиеваның енесі Жаңыл Бекмамбетова қосылды.

- Нан жауып жатқанда балам келіп, «жарылыс болды, кеттік» деді. Қашып қырға шықтық. Бір көлік алмайды. Екі аяғымыз ісіп кеткен. Балаларыма «кете беріңдер, сендер аман болсаңдар болды» дедім. Қайтем енді, артынан балаларымды таппай қалдым. Кейін үлкен ұлымды кездестіріп, «балаларыңа ие болшы, айналайын» дедім. Балам кейін арықтан су әкеп беріп, балаларын іздеуге кетті. Балаларымның барлығын кейін Шымкенттен таптым. Енді балаларыма там (үй – ред.) керек, - деді ол жыламсырап.

"Жеті баламмен жаяу қаштым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Балабақшадағы арыстықтардың бірі – әйелін, енді бірі күйеуі мен балаларын таба алмай жатқанын айтты.

«Күйеуімді, балаларымды таба алмай отырмын. Тірі ме, білмеймін. Кім қайда, білмеймін. Қан қысымым көтеріліп, қайта-қайта ауырып қалып жатырмын» дейді өзін Сәрсенкүл Жұмаханова деп таныстырған әйел.

Оның айтуынша, жарылыс кезінде 58 жастағы күйеуі Марат Егембердиев бір баласын күтіп Арыста қалған.

ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

Маусымның 26-ы күні Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада баспасөз мәслихатын өткізіп, Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.

Әкімнің сөзінше, Шымкенттегі барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

- Әкімдік қызметкерлері мен қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күнімен-түнімен жұмыс істеп жатыр. Instagram парақшама есеп беріп отырдым. Өтірік ақпараттар тарады. Бәріне өзім жауап беріп отырдым. WhatsApp желісінде «үлкен бомба жарылады» деген аудиолар тарады. Бәрі жалған ақпарат. Осындай оқиғадан кейін «хайп» қуғысы келген адамдар өтірік ақпарат таратып, халықтың көңілін алаңдатып жатыр. Өзім де «Ақмешітке» бардым. Әкімдік пен еріктілер қолдан келген бүкіл шараны жасады, әлі де жасайды, - деді Шымкент әкімі.

Маусымның 26-сы күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те баспасөз мәслихатын өткізіп, Арыс тұрғындарын қалаға кіргізу үш күнге, яғни маусымның 28-іне дейін шегерілетінін айтты. Шөкеевтің сөзінше, билік Арыс қаласын бір айдың ішінде қалпына келтіруге тырысады.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Әскери қойма: Жарылысқа дейін/Жарылыстан кейін

Қазақстан үкіметінің есебінше, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырықтан астам, облыстың басқа аудандарында жиырмаға жуық эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

25 маусымда екі жүзге жуық адам Арыстың кіреберісіне барып, үйлеріне өтпек болған. Бірақ оларды сол маңда тұрған полиция мен әскерилер қалаға кіргізбеген еді. Билік "қалада 500-ге жуық саперлер жұмыс істеп жатқанын" хабарлаған.

Сапер Арыс қаласынан снаряд іздеп жүр. 26 маусым 2019 жыл.
Сапер Арыс қаласынан снаряд іздеп жүр. 26 маусым 2019 жыл.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG