Accessibility links

"Астана Опера" Назарбаевты мадақтайтын қойылым жайлы ақпаратты жоққа шығарды


"Астана Опера" театры
"Астана Опера" театры

Нұр-Сұлтандағы "Астана Опера" театры Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне опера қойылатынын жоққа шығарды. Театрдың хабарлауынша, 6 шілде – Астана күні мен Назарбаевтың туған күні (Ол 79 жасқа толады) Алматыдан келген Абай атындағы опера және балет театры Россинидің "Золушка" операсын қояды. Бұл туралы Азаттыққа "Астана Операның" баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған дейін ҚазТАГ ақпарат агенттігі жергілікті журналист Әсем Жәпішеваға сілтеме жасап, "Астана Опера" 6 шілде күні Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын "Күн сәулесімен нұрланған жол" атты қойылым дайындап жатыр" деп хабарлаған.

Жәпішева 25 маусымда Facebook парақшасында пост жариялап, театр әртістері "Назарбаевқа арналған операда ән айтудан бас тартқанын, ал театр басшылығы оларға жұмыстан шығарамыз деп ескерту жасағанын" жазған.

"Астана Опера" баспасөз қызметі ақпарат агенттігінің ақпаратын жоққа шығарды, бірақ театрдың көркемдік кеңесіне "Күн сәулесімен нұрланған жол" атты партитура түскенін растады.

— Жас композитор Рахат-Би Әбдісағын "Күн сәулесімен нұрланған жол" атты партитура ұсынды. Қазір көркемдік кеңес ұсынысты қарастырып жатыр. Әлемдегі барлық театрлар композиторлардың ұсыныстарын қарап көреді. Бұл – әлемдік тәжірибе. "Астана Опера" театры да отандық және шетелдік авторлармен байланыста, - деп мәлімдеді театрдың баспасөз қызметі.

Театр әртістерге ешқандай қысым жасалмағанын жеткізді.

27 маусымда Нұр-Сұлтанда театрдың балет тобы шілдедегі Еуропаға гастрольдік сапары жайлы баспасөз мәслихатын өткізді. Осы жиында "Астана Операның" бишісі Бахтияр Адамжан "басшылық тарапынан қандай да бір қысым болғанын" естімегенін айтты.

"Біздің театр мемлекеттің бар бастамасын қолдайды. Балет қазір дамып жатыр. Біздің өз пікіріміз бар және біздің пікірімізбен санасады" деді ол.

6 шілде Қазақстанда Астана күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан. Қазір ол – билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы. Назарбаевтың "Ұлт көшбасшысы" және "Елбасы" деген статусы бар. Қазақстан заңына сай, Назарбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалмайды.

Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні халық билікке қарсы наразылыққа шығып, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG