Нұр-Сұлтаннан 64 көп балалы отбасы «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы аясында Екібастұзға көшті. Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға тағы 58 отбасы көшеді. Бұл туралы 28 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен брифингіде қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов айтты.
Қаналимовтің сөзінше, Екібастұз билігі Нұр-Сұлтаннан көшіп барған тұрғындарға бір жыл көлемінде 75 мың теңге пәтерақы немесе ипотеканың алғашқы жарнасы үшін 900 мың теңге береді. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасына үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылар ғана қатыса алады.
«Негізгі талап – жоғарғы білімі болуы тиіс. Отбасында еңбекке жарамды адам болуы керек. Қазір көшіп барғандарға пәтер, жұмыс берілді. Балалары мектепке, балабақшаға барады» деді әкімдік өкілі.
Қаналимовтің айтуынша, «мұндай бағдарлама Солтүстік Қазақстанда басталған. Алдағы уақытта Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары да қосылады».
«Астаналық көп балалы отбасыларды Түркістан облысы мен Шымкентке де көшіру жоспары болған. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты (Арыстағы жарылысты айтады - ред.) көп балалы отбасыларды Түркістан облысы мен Шымкентке көшіру жағы әлі нақты емес» деді әкім орынбасары.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған. Алматы мен Шымкенттегі наразылық кезінде де аналар биліктен үй сұраған. Наразы аналардың біразы тапқан табыстары кредитке кететінін, баспана алуға мүмкіндіктері жоғын айтқан.
20 мамырда Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі астаналық көп балалы отбасылар Екібастұзға көшірілетінін айтқан. Әлеуметтік желіде жұрт министрліктің бұл ұсынысын сынап, Екібастұздағы көп балалы аналардың мәселесін де шешуді талап еткен.
3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңында тағы наразылыққа шығып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен.
Наразы әйелдерге премьер-министрдің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және Нұр-Сұлтанның сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов (қазір сауда және интеграция министрі – ред.) шығып, сабырға шақырған. Бірақ биліктен баспана талап еткен аналар сол маңнан кетпей отырып алған. Кейін оларға Бақытжан Сағынтаев шығып, оларды Үкімет үйіне алып кіріп, шағымын тыңдаған. Сағынтаев «баспана сұраған әр ананың талабын заңды-заңсыздығын қараймыз» деген.
ПІКІРЛЕР