Accessibility links

БАҚ: Ливан мен Иордания Теңізде зардап шеккен азаматтарын әкетпек


Теңіздегі жұмысшылар наразылығы. Видеодан алынған скриншот.
Теңіздегі жұмысшылар наразылығы. Видеодан алынған скриншот.

Ливанның Қазақстандағы елшісі Жискар әл-Хури 1 шілдеде Қазақстан сыртқы істер министрімен кездесіп, Теңіз кенішінде 29 маусымда болған оқиғаны талқыламақ. Бұл туралы 1 шілдеде Informburo.kz басылымы хабарлады.

Ливан және Иордания билігі Теңіз кенішінде болған жанжалда зардап шеккен азаматтары қазір қауіпсіз жерде екенін, оларды әкетуге дайындалып жатқанын айтқан.

Ливандық NNA агенттігінің мәліметінше, Ливан қорғаныс министрі Ілияс Бу-Сааб Қазақстан билік өкілдерімен телефон арқылы сөйлесіп, болған оқиғаны айыптаған және Қазақстандағы ливан диаспорасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырған.

Ливан СІМ Қазақстан билігімен, ливандық жұмысшылар және жанжал шыққан компания өкілдерімен байланыста екенін мәлімдеді.

Ливанның Қазақстандағы елшісі Жискар әл-Хури MTV телеарнасына зардап шеккен ливандықтар ауыр халде емес екенін және олардан ешкім ұсталмағанын мәлімдеген.

Иордания сыртқы істер министрі Айман Сафадидың хабаралуынша, иорданиялық жұмысшылар орналасқан қонақ үйге күзет қойылған.

29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз жұмысшы кентінде CCEP компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Оған WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болған.

"[Жұмысшылар] Ливия азаматы Eli Daoud-тың WhatsApp-та жариялаған қызбен бірге түскен суретіне наразы болған" деп жазылған Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында. Оқиға кезінде 30 адам зардап шеккен.

29 маусымда түстен кейін наразылыққа шыққан жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Онда "тұрмыстық жанжалды ушықтыруға болмайтыны" туралы айтылып, "кеніштегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері" талқыланған. Оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық комиссияға "Теңізшевройл" (ТШО) мен оған қарайтын мердігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіретіні айтылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG