Accessibility links

Отунбаева Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру шешімін қолдады


Қырғызстанның экс-президенті Роза Отунбаева.
Қырғызстанның экс-президенті Роза Отунбаева.

Қырғызстанның экс-президенті Роза Отунбаева бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың тиіспеушілік мәртебесінен айырылуына қатысты пікір білдірді.

1 шілдеде тараған мәлімдемеде Отунбаева «Атамбаев президент кезінде оппозициялық фракция мүшелері мен өзінің заңсыз және Конституцияға қайшы әрекеттерін сынағандарды қудалады» дейді.

Оның сөзінше, Атамбаев тиіспеушілік мәртебесінен айырылғанда қарсы шыққандар депутаттар бұл статустан қағылғанда «үндемеген», депутаттарды парламент рұқсатын алмай-ақ қамау үшін оларға аса ауыр айыптар тағылғанда «реакция білдірмеген».

Экс-президент «Бас прокуратура Алмазбек Атамбаевтың президент кезіндегі репрессиялары мен қудалауына дәлел таппағанына қынжылғанын» айтады.

«[Дәлелдің бәрі] бұқаралық ақпарат құралдары мен қылмыстық істер томдарында жазылып тұр» деген Отунбаева Атамбаевқа тағылған айыптарды әділ әрі мұқият тексеруге шақырды.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырып, оны қылмыстық жауапқа тартатын қаулы қабылдаған. Шешімді 109 депутаттың 103-і қолдаған.

Бұдан бұрын бас прокурор Откурбек Жамшитов депутаттар комиссиясы Атамбаевқа таққан алты айыптың бесеуінде «ауыр қылмыс белгісі бар» деп баға берген. Прокуратура экс-президентті жемқорлық, қызметін асыра пайдалану және заңсыз баю баптары бойынша тергеуге негіз барын мәлімдеген.

Атамбаевтың өзі тағылған айыптарды «ақылға қонымсыз» дейді. Оның сөзінше, билік өзінің қарсыласын тұқырту үшін оған айып тағып отыр.

3 шілдеде Бішкекте Атамбаев жақтастарының митингі өтпек. Оған экс-президенттің өзі де қатысуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тарап жатқан суреттерге қарағанда, наразылар «ескі элитаның кетіп, жаңасының келгенін» талап етпек.

Экс-президентті жауапқа тартатын механизмдер жазылған заңға 16 мамыр күні Атамбаевтың бұрынғы серіктесі Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG