Accessibility links

ІІМ Теңіздегі төбелеске қатысты "бір күдіктінің" ұстағалғанын хабарлады


Теңіздегі төбелес.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Түрғымбаев 29 маусымда Теңіз кенішінде болған төбелестен кейін "адамдарды жарақаттау және бұзақылық бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын" мәлімдеді. Оның сөзінше, Теңіздегі төбелеске қатысты "негізгі күдікті ретінде бір адам ұсталып, бірнеше адамның үстінен тергеу басталған". Министр күдіктілердің ұлтын және нақты қанша адам күдікке ілінгенін айтпады.

29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде "Теңізшевройлдың" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан.

ТШО дерегінше, оқиға кезінде шамамен 40 адам "аздап жарақаттанған". Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ССЕР деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар басқа бір жұмысшыларды тепкілеп, қолына түскен заттармен ұрып жатқаны көрінеді. Қатты таяқ жеген кейбір жұмысшылар жерде жатқан. Тағы бір видеода бір топ жұмысшы автобусқа тас лақтырғаны байқалады. Қазақстан билігі зардап шеккендердің қай елден екенін айтпады.

"Теңізшевройл" компаниясы мен Қазақстан билігі жұмысшылар арасындағы төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп сипаттады. Ал Иордания мен Ливан билігі Теңізде жұмыс істейтін азаматтарын кеніштен эвакуациялағанын мәлімдеді.

Атырау облысы әкімдігі басында жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған қазақ қызға бағыттап тұрған. Жергілікті жұмысшылар "сурет - қыздың ар-намысын таптау" деп есептеген.

Кейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев "Теңізшевройл" компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста "жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс" деген. Әкімнің сөзін де Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жанжал кезінде жергілікті жұмысшылар "жалақы мен жұмыс мәселесін көтермегенін" айтқан.

Ал энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы жалақының айырмашылық жайлы "әңгімені" естігендерін, жұмысшылардың келісім-шарттарын тексеру керегін мәлімдеген.

Теңіз кеніші Құлсарыдан - 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан.

"Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді.

Ашық ақпараттардағы дерек бойынша, Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore электр құрылғыларын орнатумен айналысады. Бас офисі Абу-Дабиде (БАӘ) орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG