Accessibility links

Бішкекте Атамбаев жақтастары наразылық шарасын өткізді


Алмазбек Атамбаевтың жақтастары өткізген митинг. Бішкек, 3 шілде 2019 жыл.

3 шілдеде Бішкекте Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың жақтасы наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Шараға Атамбаевтың өзі де қатысты. Наразылыққа қатысқандардың бірі қазіргі биліктің саясатын сынады.

"Қырғызстанның қазіргі билігінде нақты даму бағдарламасы жоқ. Өз жобаларымен халықты қарызға батырды. Депутаттарымыз премьер-министрдің, үкіметтің жұмысын сынады, бірақ [Қырғызстан президенті] Сооронбай Жээнбеков Жогорку кенеште сөз сөйлеген соң, үкіметтің есебін бірден қабылдады. Біз сайлаған халық өкілдері өздерін элитамыз деп санап, ештеңе жасамай отыр. Депутаттар халыққа қызмет етуі тиіс, бірақ іс жүзінде халық депутаттарға жұмыс істеп жатыр" деді митингіге қатысушылардың бірі.

Митингіге келгендер президенттің, үкіметтің, депутаттардың оставкасын талап етті. Кейбір наразылар қолдарына "Ескі элита кетуі тиіс!" деген жазуы бар баннерлер ұстап тұрды.

Қырғызстан билігі бұл наразылық шарасына қатысты пікір білдірмеді.

27 маусымда Қырғызстан парламенті елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырып, оны қылмыстық жауапқа тартатын қаулы қабылдаған. Шешімді 109 депутаттың 103-і қолдаған. Шешім қабылданардың алдында Атамбаевтың жақтастары Кой-Таш ауылындағы оның үйінде жиын өткізіп Атамбаевты қорғау штабын құрған.

Ал бас прокурор Откурбек Жамшитов депутаттар комиссиясының Атамбаевқа таққан алты айыптың бесеуінде "ауыр қылмыс белгісі бар" деп баға берген. Прокуратура экс-президентті жемқорлық, қызметін асыра пайдалану және заңсыз баю баптары бойынша тергеуге негіз барын мәлімдеген.

Атамбаевқа тағылған негізгі айыптар мыналар:

  • Атамбаев үй салған Кой-Таш ауылында жерді заңсыз басып алу;
  • Қылмыстық топ мүшесі Азиз Батукаевты заңсыз босату;
  • Заңсыз баю;
  • Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту жобасы кезіндегі жемқорлық әрекет;
  • Бішкек ТЭЦ-іне заңсыз көмір тасымалдау ісіне қатысы болуы мүмкін.

Атамбаев биліктің бұл әрекетімен келіспейді. Оның пайымдауынша, "қазіргі билік өз адамдарын ғана қорғап, өзіне жақпағандарды кез келген сылтаумен түрмеге жауып тастайды".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG