Accessibility links

Теңіздегі жанжалдан соң Ливан мен Иордания азаматтары еліне қайтқаны хабарланды


Теңіздегі төбелес.
Теңіздегі төбелес.

Ливанның мемлекеттік National News Agency ақпарат агенттігі Қазақстанның Теңіз кенішіндегі жанжалдан соң 126 азаматтың елге қайтқанын хабарлады. Агенттік дерегінше, Ливанға оралғандар – Теңізде жұмыс істейтін "Теңізшевройл" компаниясының мердігері Consolidated Contractors компаниясының жұмысшылары мен олардың отбасылары. Басылымның жазуынша, азаматтар еліне 2 шілдеде жеткен.

Иордания сыртқы істер және шетелдіктер ісі министрлік сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Теңізде жұмыс істейтін 107 азаматтың қырығы елге қайтқан. Әуежайдан оларды Иордания сыртқы істер министрі Айман Ас-Сафади күтіп алғаны айтылады.

1 шілде күні "Теңізшевройл" компаниясының өкілі Ырзабек Артығалиев шетелдік жұмысшылардың қауіпсіз жерге көшірілгені туралы ақпаратты терістеген. Бұған дейін Иордания мен Ливан билігінің өкілдері әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында Теңіз жұмысшылар кентінен өз азаматтары шығарылғанын хабарлаған.

29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде "Теңізшевройлдың" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ССЕР деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар басқа бір жұмысшыларды тепкілеп, қолына түскен заттармен ұрып жатқаны көрінеді. Қатты таяқ жеген кейбір жұмысшылар жерде жатқан. Тағы бір видеода бір топ жұмысшы автобусқа тас лақтырғаны байқалады.

ТШО дерегінше, оқиға кезінде шамамен 40 адам "аздап жарақаттанған". Ливанның The Daily Star газетінің жазуынша, 10 ливандық зардап шеккен. Қазақстан билігі жарақат алған адамдардың қай елдің азаматтары екенін атамайды.

"Теңізшевройл" компаниясы мен Қазақстан билігі жұмысшылар арасындағы төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп сипаттады. Ал Иордания мен Ливан билігі Теңізде жұмыс істейтін азаматтарын кеніштен эвакуациялағанын мәлімдеді.

Атырау облысы әкімдігі басында жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған қазақ қызға бағыттап тұрған. Жергілікті жұмысшылар "сурет - қыздың ар-намысын таптау" деп есептеген.

Кейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев "Теңізшевройл" компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста "жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс" деген. Әкімнің сөзін де Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жанжал кезінде жергілікті жұмысшылар "жалақы мен жұмыс мәселесін көтермегенін" айтқан.

Ал энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы жалақының айырмашылық жайлы "әңгімені" естігендерін, жұмысшылардың келісім-шарттарын тексеру керегін мәлімдеген.

Теңіз кеніші Құлсарыдан - 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан. "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді. Ашық ақпараттардағы дерек бойынша, Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore электр құрылғыларын орнатумен айналысады. Бас офисі Абу-Дабиде (БАӘ) орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG