Accessibility links

Ақтөбеде полиция белсенді Әлібек Молдинді ұстап әкетті


Ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин сот алдында тұр. Ақтөбе, 8 маусым 2019 жыл.
Ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин сот алдында тұр. Ақтөбе, 8 маусым 2019 жыл.

4 шілдеде Ақтөбеде полиция жергілікті белсенді Әлібек Молдинді ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Әлібек Молдиннің өзі телефонмен хабарлады.

Молдиннің айтуынша, полиция оны 4 шілде күні түс кезінде "сіз мініп жүрген көлік ұрланған болуы мүмкін" деп тоқтатып, кейін көліктің мемлекеттік нөміріне күмән келтірген.

- Мені қазір Сазды полиция бөліміне алып бара жатыр. Одан кейін әкімшілік сотқа жеткізіп, қамауға алатын болар деп ойлаймын. Бұл 6 шілде Астана күні қарсаңындағы халық наразылығынан сақтанып, әдейі ұйымдастырылған шара екеніне күмәнім жоқ, - деді Әлібек Молдин телефонмен.

Ақтөбе қалалық полиция депаратменті Әлібек Молдиннің ұсталғанын растап, оның үстінен әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, ол көлігіне қолдан жасалған мемлекеттік нөмір орнатып, жалған нөмірі бар автокөлікті мініп жүрген. Молдинге қатысты хаттама әзірше әкімшілік сотқа түспеген.

Молдиннің полиция бөлімшесінде екенін растаған жергілікті белсенділердің бірі Берік Ноғаев «Билік Астана күні қарсаңындағы наразылықтың алдын алып, ақтөбелік белсенділерді ұстай бастады. Молдин – солардың алғашқысы. Қалғандарымыз кезек күтіп отырмыз» деді.

Ақтөбелік белсенділер Әлібек Молдин, Берік Ноғаев, Асылхан Жаубатыров пен Сағындық Бекеев 9 маусым президент сайлауы қарсаңында әкімшілік сот қаулысымен үш тәулікке қамалған болатын. Ол кезде Әлібек Молдинге "6 маусым күні автокөлігінің терезесінен көшеге қоқыс лақтырды" деген айып тағылған. Сот Жаубатыров пен Ноғаевты "біреуге былапыт сөз айтты", Бекеевті "полицейге бағынбады" деп айыптаған.

Молдин "ешқандай тас лақтырмағанын, билік сайлау алдында шу шығарады деп қамағанын" айтқан. Қалған үш белсенді де өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Олар қамаудан шыққан соң сот қаулысына қатысты апелляциялық шағым түсірген. 1 шілде күні апелляциялық алқа белсенділер шағымын қанағаттандырмаған.

Әлібек Молдин, Берік Ноғаев, Асылхан Жаубатыров пен Сағындық Бекеев Ақтөбеде болған бірнеше наразылық шараларына қатысқан. Олар 1 мамырда қалада өткен наразылық шарасына қатысып, әділ сайлау өткізуді талап еткен.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан. Қазір ол – билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы. Назарбаевтың "Ұлт көшбасшысы" және "Елбасы" деген статусы бар. Қазақстан заңына сай, Назарбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалмайды.

Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні халық билікке қарсы наразылыққа шығып, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті. Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы президент сайлауының әділ өткеніне жиі күмән келтіреді. Қазақстан билігі сайлау жайлы сын айтқан халықаралық ұйымдардың мәлімдемесіне ресми түрде жауап бермеген.

6 шілде Қазақстанда Астана күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG