Accessibility links

Министр Ермекбаев: Арыстағы қару-жарақ "қауіпсіз жерге" көшіріледі


Снарядты қадалған жерінен суырып алған саперлар. Арыс, Түркістан облысы, 29 маусым 2019 жыл.
Снарядты қадалған жерінен суырып алған саперлар. Арыс, Түркістан облысы, 29 маусым 2019 жыл.

Бүгін, 4 шілдеде Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы әскери қоймадағы "қару-жарақтың көшіріле бастағанын" айтты. Бірақ оқ-дәрілердің нақты қайда жеткізілетіні туралы сұраққа да, көшірудің қашан аяқталатыны сауалға да жауап бермеді.

"[Арыстағы қару-жарақты көшіруге] қанша уақыт кетерін нақты айту қиын" деді Ермекбаев. Оның сөзінше, оқ-дәрілер "ендігі полигон мен қоймалар тұрған, елдімекендерден алыс жатқан қауіпсіз аудандарға" көшіріледі.

Министр "қарудың қайда көшірілетіні - құпия ақпарат" дейді.

Сондай-ақ Ермекбаев тұрғындардың әлі күнге дейін Арыстан қару-жарақ тауып алып жатқаны көрінетін суреттер мен видеолар туралы пікір білдірмеді.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі көшіруге келмейтін қару-жарақтың Арыс ішінде жойылатынын айтып, тұрғындарға "жарылыс дауыстары естілуі мүмкін" деген.

3 шілдеде министр Ермекбаев совет кезінен бері сақтаулы тұрған қару-жарақты көшіруге "бірнеше миллиард теңге" қажет болатынын айтқан.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген.

Қазақстан үкіметінің соңғы жариялаған дерегіне қарағанда, Арысты қалыпқа келтіруге 34,5 миллиард теңге (шамамен 90,7 миллион доллар) қажет. Оның 19 миллиард теңгесі 7 709 үйді жөндеуге бөлінбек.

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңіне, 28 маусымда Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Билік жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған деп хабарлаған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG