Accessibility links

Парламент даулы заңдар сессиясынан соң демалысқа кетті


Қазақстан парламентінің қос палатасы конституциялық реформалар заң жобасын қарап жатыр. Астана, 6 наурыз 2017 жыл.
Қазақстан парламентінің қос палатасы конституциялық реформалар заң жобасын қарап жатыр. Астана, 6 наурыз 2017 жыл.

Бүгін, 5 шілдеде Қазақстан парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, төртінші сессиясын қортындылады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин парламенттің демалысқа кететінін жариялап, бұл сессияда бұрынғы президент Назарбаевтың тапсырмалары орындалғанын айтып, есеп берді.

«Сессия барысында қос палатаның бес бірлескен отырысы, мәжілістің 41 және сенаттың 46 жалпы отырысы өтті. Онда 319 маңызды мәселе қаралды. Жалпы, төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды», - деген мәжіліс төрағасы 82 заңға президент қол қойып, күшіне енгенін айтты.

Биыл қос палатаның бірлескен жиындарында Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі рет ант қабылдағаны белгілі. Алғашқысында, 20 наурыз күні президент өкілетін қабылдап ант берсе, 12 маусымда сайланған президент ретінде ұлықтау рәсімін өткізген. Алайда 9 маусымдағы президент сайлауынан кейін елде оның нәтижесіне наразы болғандар жиыны өткен. Билік оны "рұқсат етілмеген" жиындар санатына жатқызған. Жиындардан соң белсенділер қамалып, сотқа тартылған.

Парламент Қазақстанның оңтүстігінде бірнеше адамның өлімі мен ондаған адамның жаралануына себепші болған Арыс қаласы маңындағы қару қоймасындағы жарылыстан кейін демалысқа кетіп отыр. Осыған орай 3 шілдеде парламентттың төменгі палатасы 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізуді мақұлдаған болатын. Бұл бюджетке әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың қаржы мекемелерінен алған несиесін өтеу шығыны да қамтылған.

Қазақстан парламенті қабылдаған заң жобаларының ішінде бірқатар даулы құжаттар да болған. Солардың бірі - 20 наурыздағы Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң. Мәжілістегі 103 депутат, сенаттағы 43 депутаттың барлығы заңды жоба кезінде бірауыздан қолдады. Депутаттар қала атауын референдумсіз өзгертуді ұсынып, ал конституциялық кеңес бұл ұсынысты оң бағалады.

Сонымен қатыр, допинг қолданған спортшыларға жаза қарастырылған, "Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы", "басшылар қызметкерлерінің коррупциялық әрекеттері үшін жауап беретін", «іс-шараларға журналистерді қатыстыру ережесін күшейтуді ұсынған», «Кинематография туралы» және тағы басқа құжаттар бар.

Нұрлан Нығматулин, өткен сессияда парламентте 20 үкімет сағаты, үш парламенттік тыңдау, 24 «дөңгелек үстел» отырысы, комитеттердің 29 көшпелі отырысы, сондай-ақ төрт халықаралық конференция өткенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG