Accessibility links

Нұр-Сұлтанда сот "Иегова куәгері" жетекшісінің ісін тоқтатты


Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының кіреберісі. Нұр-Сұлтан.

Қазақстан астанасындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жергілікті «Иегова куәгерлері» діни қауымының жетекшісі Дмитрий Букинге қатысты істі қарауды тоқтатты. Букинге Әкімшілік кодекстің «Діни ұйымдар мен діни қызметтер заңын бұзды» (490-бап) деген айып тағылған.

Соттың мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы әкімшілік хаттаманы кеш толтырған. Осы себепті судья Әсия Дошанова істі тоқтатқан. Қазақстан заңына сай, шағым түскен соң хаттама үш күннің ішінде толтырылуы тиіс. Әкімдік хаттаманы 24 мамырда толтырған. Ал 26 наурызда әкімдіктің қоғамдық даму басқармасына Нұр-Сұлтан тұрғыны Ерғали Әбішев шағымданған. Ол «Иегова куәгерлері» діни қауымы 15 жастағы ұлымды өздерінің қатарына заңсыз тартты» деп айыптаған.

Әбішевтің сөзінше, ол өзі 20 жылдай «Иегова куәгерлері» қатарында болған, бірақ «қауым ішінде былық басталған соң» кетуге шешім қабылдаған. Ол «Йегова куәгерлері» қатарынан кеткен соң қауым өкілдері ұлына бірнеше рет қоңырау шалғанын айтты.

«Иегова куәгерлері» діни қауымының жетекшісі Дмитрий Букин іске қатысты қандай да бір комментарий беруден бас тартты.

5 шілдедегі сотта судья Әсия Дошанова «қауымның кәмелетке толмаған баланы қатарларына тартпақ болғаны анықталды, бірақ хаттама кеш толтырылғандықтан іс қаралмайтын» айтты.

Қазақстан заңына сай, қандай да бір діни ұйым ата-анасының келісімінсіз баланы өз қатарларына тартса, 50 айлық есептік көрсеткіш (126 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан діни наным-сенімге көп шектеу қояды деп сынайды. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде «Қазақстан билігі діни-наным сенім бостандығын жиі бұзады» деп жазды.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда діни еркіндікті шектеу әлі жалғасып жатыр"​

USCIRF «Қазақстан исламның ханафи масхабы мен православияға жатпайтын басқа діни қауымдарды жиі сотқа тартып, айыппұл салады» деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG