Accessibility links

"Қазақстанда діни еркіндікті шектеу әлі жалғасып жатыр"


Мешітте намаз оқып тұрған жамағат. Алматы.

АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебін жариялады. Есепте 2018 жылы Қазақстанда діни бостандық жағдайы сәл жақсарғанын, бірақ елде діни наным-сенімді шектеу әлі жалғасып жатқаны айтылған.

Есеп авторларының дерегінше, Қазақстанда діни қызметтер бойынша әкімшілік істер азайған, 2017 жылы 279 іс, 2018 жылы 165 іс қозғалған. Бірақ елде діни кітаптарды сатуға немесе оқуға, діни жиын өткізуге шектеу әлі бар. Мектепке орамал тағып барған оқушы қыздардың сабаққа кіруі қиындаған.

«2018 жылы Қазақстан алтыншы рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізді. Бұл ел осы шара арқылы діни плюрализм мен түрлі дін өкілдері тұрып жатқан ел деген имидж қалыптастырғысы келеді» деп жазылған есепте.

Комиссия есебінде Қазақстан парламентінің екі палатасынан өткен «Дін туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасының қабылданбай қалғанын жазған.

«Заң жобасы қабылданып кетсе, адамдарды діни-наным сеніміне билік тарапынан үлкен қауіп төнер еді. Бұл заң жобасында балалардың діни жобаларға қатысуы үшін әке-шешесінен рұқсат алу қарастырылған. Бұл білім беру жобасын ұсынатын діни топтардың жұмысына кедергі келтірер еді» деп жазылған есепте.

Комиссияның пайымдауынша, Қазақстанда 2011 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы «Дін туралы заң» діни құқықтарды шектейді.

«Қазіргі заңда діни ұйымдарды тіркеуге кедергі көп. Діни ұйымды тіркеу үшін жақтастарының саны көп болуы тиіс. 2011 жылғы заңнан кейін елде тіркелген діни ұйымдардың саны күрт азайды. Егер ұйым тіркелмесе, құрушылары әкімшілік жазаға тартылады. Діни ұйымдар полиция мен арнайы қызметтің қатаң бақылауында» деп жазылған есепте.

Есеп авторларының мәлімдеуінше, 2018 жылы елде ондаған адам діни жиындар өткізгені үшін қамалды не айыппұл төледі, кем дегенде бес адам ұзақ уақытқа сотталды.

АҚШ есебіндегі Қазақстан жайлы айтылған жайттар:

  • Қазақстан билігі дінді саясиландырып, өз қарсыластарын діни эктремизм мен терроризм бойынша айыптайты.
  • Қазақстан үкіметі исламның суннит ағымын, ханафи мазхабын қолдайды. Ал исламның басқа ағымдарына күдікпен қарайды.
  • 2018 жылы Қазақстанда мұсылман діни топтар көп қудалауға ұшырады. Былтыр діни топтарға қатысты 37 әкімшілік істің 25-і мұсылман діни топтардың үстінен қозғалған. 2018 жылы сәуірде сот «Таблиғи Жамағат» ұйымының үш мүшесін, шілдеде жеті мүшесін бір жылдан үш жылға дейін түрмеге қамады. Бұл ұйымды Қазақстан 2013 жылы террорлық топтардың қатарына қосқан.
  • Қазақстанда баптист христиандар мен «Новая жизнь» діни бірлестігінің мүшелері әлі қудаланады.
  • Қаржы министрі діни баптар бойынша сотталғандарды «экстремизм мен терроризмді қаржыландырғандар тізіміне» қосты. Бұл тізімге енгендер банк қызметтерін пайдала алмайды және елден шығуы қиын. «Терроризм бабымен» сотталып, жазасын өтеп шыққандар да тізімге кірген.
  • Қазақстан билігі 2018 жылы қыркүйекте мектепке орамал тағып келуге тыйым салды. Елдегі мектептің біріндегі 200-ден астам оқушы орамал таққаны үшін сабаққа кіргізілмеді. Орамал тағатын қыздарын сабаққа жібермеген 13 ата-ананың әрқайсына 380 доллар көлемінде айыппұл салынды. Билік «оқушы қыздар дәстүрлі емес діни топтардың әсерінен орамал тағады. Ал орамалға тыйым салу – діни экстремизмнің алдын алу шарасы» деп түсіндіреді.
  • Қазақстан билігі діни кітаптардың сатылуына, түрмелерде діни материалдарды оқуға шектеу қойды. Ел үкіметі 2009-2018 жылдары 815 әдебиет «экстремизмге қатысы бар» деп, тыйым салды.
  • 2018 жылы қазанда Ғалымжан Әбілқайыров интернетке діни аудио жүктегені үшін жеті жыл жеті айға сотталды. Қарашада Дадаш Мажанов та осы айыппен түрмеге қамалды.
  • Қазақстан билігі бақылайтын ҚМДБ (бейресми түрде «мүфтият» деп аталады - ред.) саясатын сынап жүрген Қуаныш Башпаевтың лекцияларын интернетте таратқан бірнеше адам жазаланды. Башпаев 2017 жылы «діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен 4 жарым жылға сотталған. Тәуелсіз сарапшылар Башпаевтың лекцияларын тексеріп, «терроризмге шақырмайды, діни алауыздықты қоздырмайды» деген шешім шығарған.
  • Дегенмен «Йегова куәгерлері» елде өздеріне жасалатын қысымның азайғанын жеткізді. 2017 жылы мамырда бес жылға сотталған «Йегова куәгері» Тимур Ахмедов 2018 жылы сәуірде рақымшылыққа ілініп, босап шықты. Кейбір мұсылмандар да елде қудалау азайғанын мәлімдеді. Өзін салафимін деген тұрғынның бірі бұрындары полиция жиі тоқтатып, сұраққа алғанын, қазір полиция тарапынан сұрақ азайғанын айтты.

Комиссияның АҚШ үкіметіне арнаған ұсыныстарында «Вашингтон Қазақстанмен стратегиялық қарым-қатынас кезінде діни бостандық пен адам құқығын алға шығаруы керек. АҚШ Қазақстан билігінен дін туралы заңды жеңілдетуді, діни жиындар үшін қудаламауды талап етуі тиіс» деп жазылған.

Комиссия «Қазақстан ішіндегі оқиғалар туралы цензурасыз ақпарат, оның ішінде діни бостандыққа қатысты хабарлар үнемі таратылуы үшін» АҚШ үкіметін Азаттық радиосын тоқтаусыз қаржыландыруға шақырады.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) есебінде Қытай билігін Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалап жатыр деп айыптады. Комиссия «Қытайда саны 15 миллионға жуық ұйғырдың әділетсіздікке тап болғаны туралы біраздан бері шағымданып жатқанын» жазады.

Комиссия баяндаманың Қазақстан туралы бөлігінде «соңғы жиырма жылда Қазақстан үкіметі бірнеше мұсылман ұйғырды Қытайға депортациялады. Бұл - 1951 жылғы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі конвенциясы мен 1967 жылғы мәжбүрлеп жер аударуға жол бермеу жөніндегі халықаралық қағида аясында Қазақстанның мойнына алған міндеттеріне қайшы» деп жазды. Комиссияның пайымдауынша, "Қазақстан осы арқылы Қытайға көмектескен".

Комиссия Қытайдың 2017 жылдан бері 800 мыңнан 2 миллионға дейін ұйғыр, қазақ, қырғыз бен басқа да мұсылмандарды саяси үйрену лагерьлерінде ұстап отырғанын айтады. Баяндама авторларының жазуынша, «лагерьлер туралы ақпараттың біраз бөлігі бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләштің арқасында мәлім болған. Ал Қазақстан оны үйқамақта ұстап отыр".

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыда ұстап, үстінен Қылмыстық кодекстің «араздық тудыру» бабымен іс қозғаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын Біләшқа Нұр-Сұлтан қысым көрсетіп отыр деп мәлімдеген.

Комиссия баяндамасында Нұр-Сұлтаннан босқын мәртебесін сұрап жүрген Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың да есімі аталады.

Әлемдегі 200-ден астам мемлекет пен аймақтардағы дін бостандығының ахуалын сипаттайтын бұл есеп үкіметтердің, террорлық топтардың және жекелеген адамдардың діни бостандық заңдарын бұзу немесе оны асыра пайдалану фактілерін саралап шыққан.

1998 жылы АҚШ конгресі құрған комиссия Қазақстанды 2008 жылдан бері есебіне қосып келеді. 2013 жылы Нұр-Сұлтан алғаш рет «азаматтар құқығын бұзатын елдер» санатына кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG