Accessibility links

Иегова куәгерлерінің үш бірдей "жанды жерін" қалай тапқан?


Иегова куәгерлерінің аймақтық орталығы баспасөз қызметінің өкілі Мәди Е. діни бірлестіктің әкімшілік ғимараты алдында келе жатыр. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.
Иегова куәгерлерінің аймақтық орталығы баспасөз қызметінің өкілі Мәди Е. діни бірлестіктің әкімшілік ғимараты алдында келе жатыр. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.

Алматыдағы «Иегова куәгерлерінің христиан орталығының» аймақтық діни бірлестігінің іс-әрекеті сот шешімімен үш айға тоқтатылды, олар ресейлік әріптестерінің тағдырын қайталаудан қорқады.

Алматыдағы «Иегова куәгерлерінің христиан орталығы» (ары қарай – Иегова куәгерлерінің орталығы, Орталық) қаланың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының маусымның 29-ы күні шығарған шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр.

Шешім бойынша аймақтық діни бірлестіктің қызметі үш айға тоқтайды және 680 мың теңге болатын (2100 АҚШ долларынан астам) 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Иегова куәгерлерінің Алматыдағы орталығы жыл бойы екі мәрте әкімшілік құқық бұзушылық жасап, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңды орындау үшін жеткілікті шаралар қабылдамағаны үшін айыпталды.

«Иегова куәгерлері» халықаралық діни ұйымының ресми сайтындағы ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы жағдай Ресейдегідей полиция тарапынан қорқыту және діни төзімсіздікке ұқсайды. Биыл сәуірдің 20-сы күні Ресейдің Жоғарғы соты бұл ұйымды экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын.

АВТОМАТ АСЫНЫП, БЕТПЕРДЕ КИГЕНДЕР

Орталық есебі бойынша, Қазақстанда шамамен 18 мыңға жуық Иегова куәгерлері бар. Олардың шамамен 45 пайызы - этникалық қазақтар, олардың діни құлшылықтары қазақ тілінде өтеді. Қазақстандағы Иегова куәгерлері бірыңғай республикалық ұйым емес. «Иегова куәгерлерінің христиан орталығы» аймақтық діни бірлестігі бар, оған Алматы қаласы мен Алматы облысының Иегова куәгерлері ұйымдары кіреді. Қазақстан аумағындағы Иегова куәгерлерінің басқа ұйымдары – жеке заңды тұлғалар. Орталықтың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, Алматыдағы орталық қазақстандық барлық Иегова куәгерлері ұйымдарына жетекшілік ететін рухани-канондық инстанция саналады. Иегова куәгерлерінің басты діни-әкімшілік орталығы АҚШ-тың Нью-Йорк штатының Уорвик қаласында орналасқан.

Иегова куәгерлерінің аймақтық орталығының жетекшісі Полат Бекжан. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.
Иегова куәгерлерінің аймақтық орталығының жетекшісі Полат Бекжан. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.

Иегова куәгерлерінің аймақтық орталығының жетекшісі Полат Бекжан болашақта жабылып қалуымыз мүмкін деп алаңдайды. Азаттық тілшісімен Иегова куәгерлері орталығының аумағында тұрып сөйлескен ол:

- Қазір жағдай күн санап нашарлап келеді, түрлі құқық қорғау мекемелері мен мемлекеттік мекемелер қысым жасайды: конгресс өткізген кезде және оған дейін соны байқадық. Жақында сот болды, соның шешімімен қызметіміз үш айға тоқтады, - деді.

Баспасөз қызметінің қызметкерлері Зарина Аленова мен Мәди Е. (кейбір жергілікті зиялы қауымның «шектен тыс ашушаң реакциясынан» қауіптенгендіктен фамилиясын айтпады) мамырдың 18-і күні Орталыққа автомат асынып, бетперде киіп алған 40 шақты полиция өкілдерінің бірнеше автобуспен келгенін айтты. Олар Орталық аумағын қоршап, сонда жүргендерді тексерген. Баспасөз қызметінің өкілдері полицияның мұндай әрекеті Иегова куәгерлері орталығында жүргендерді шошытты деп санайды.

Полиция қызметкерлері «Иегова куәгерлері» кеңсесінің аумағында заңсыз мигранттар бар деген жасырын хабарлама түсті деген. Тексеріс кезінде тәртіп бұзушылық анықталмаған.

Иегова куәгерлері аймақтық орталығының үш шағын бөлмесінің бірі. Маусымның 5-і күні өткен тексеріс кезінде бұл бөлмеде видеобақылау камерасы болмаған. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.
Иегова куәгерлері аймақтық орталығының үш шағын бөлмесінің бірі. Маусымның 5-і күні өткен тексеріс кезінде бұл бөлмеде видеобақылау камерасы болмаған. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.

Маусымның 5-і күні болған тағы бір тексеріс кезінде тексеруші шенеуніктер мен полиция қызметкерлері Орталықтан камера орнатылмаған үш жерді тапқан. Оны тәртіп бұзушылық деп танып, әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама жасайды. Алматы қаласының Наурызбай ауданының ішкі істер басқармасымен келісілген нысанды қорғау төлқұжатында бұл үш жер көрсетілмеген.

КОНГРЕСКЕ ДЕЙІН ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІН

Соттың маусымның 29-ы күні шыққан діни бірлестіктің қызметін үш айға тоқтату туралы шешімін Орталық қызметкерлері қатал жаза санайды. Олар тексерушілер Иегова куәгерлерінің Орталықта үш күндік Конгресс өткізуіне кедергі келтірмек болды деп күдіктенеді. Орталық заңгерлері әкімшілік сотты тексерістен соң дереу өткізбеуге күш салып, жиын маусымның 23-і мен 25-і аралығында өтті. Оған шамамен бес мыңдай делегат қатысқан. Мың жарымға жуық өкіл АҚШ, Германия, Қырғызстан, Грузия, Украина және басқа мемлекеттерден келген. Шамамен бір жарым мыңға жуық этникалық қазақтар қатысты деген дерек бар. Бұл Астана қаласында өткен, полиция қысым жасамаған Дүниежүзі қазақтары құрылтайына қатысқан адамдар санынан екі есе көп.

Конгреске Алматы әкімдігінің өкілдері мен діндерді зерттеу орталықтарының өкілдері қонақ ретінде келді. Шараны өткізуге жергілікті билік рұқсат еткен. Дегенмен Конгресс жұмысының алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері шетелдік қонақтар отырған автобустарды тоқтатты. Бірнеше жүргізушіні ішімдік ішкен-ішпегенін тексеру үшін тексеруге апарған. Орталықтың баспасөз қызметі қызметкерлерінің айтуынша, жүздеген адам – оның ішінде қарттар мен денсаулығы нашар жандар да бар – көшеде жағдай жасалмаған күйі қалған.

Биыл мамырдың 2-сі күні Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты Иегова куәгері 61 жасар Теймур Ахмедовті "діни өшпенділікті өршітті" деген айыппен бес жылға соттаған болатын. Астана қалалық соты оның апелляциялық шағымын қанаттандырмады, солайша үкім заңды күшіне енді.

Жиынның ұраны ретінде Інжілдегі «Берілмеңдер!» деген сөз таңдап алынған.

Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы жетекшісі болған Нұржан Жапарқұл (ортада) Иегова куәгерлері орталығында экскурсияда жүр. Алматы, 3 қазан 2014 жыл.
Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы жетекшісі болған Нұржан Жапарқұл (ортада) Иегова куәгерлері орталығында экскурсияда жүр. Алматы, 3 қазан 2014 жыл.

Иегова куәгерлеріне билік бұрын-соңды мұндай қысым жасаған емес. 2014 жылы Иегова куәгерлерінің Інжілі - «Киелі жазбалар» қазақ тілінде жарық көргенде жаппай қамау болған жоқ. Орталыққа саяхат жасалды, еркін қарым-қатынас орнады, сол кезде Орталыққа барған Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы жетекшісі Нұржан Жапарқұл алған әсерлерімен қуана бөліскен еді.

Сол оқиғадан соң Жапарқұлды басқа қызметке ауыстырды. Қазір ол қызметте Айдар Есенбеков отыр. Азаттық тілшісімен сөйлескен Есенбеков Иегова куәгерлерін әкімшілік қудалаудың саяси астары бар екенін теріске шығарды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG