Accessibility links

"Иегова куәгерлері" ісіндегі дін жайлы әңгіме жазылған 19 диск


"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшесі, 60 жастағы Теймур Ахмедов сотта отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.
"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшесі, 60 жастағы Теймур Ахмедов сотта отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Астанада "Иегова куәгерлері" діни ағымын ұстанушының үстінен "діни араздықты қоздыру" бабы бойынша қозғалған іс қаралып жатқан сот процесі екінші күн жалғасты.

Астананың Сарыарқа аудандық 2-сотында бүгін "Иегова куәгерлері христандар қауымы" діни бірлестігінің 60 жастағы мүшесі, "діни алауыздықты қоздырды" деп айыпталатын Теймур Ахмедовтің мүддесін халықаралық құқық саласының маманы, бейтарап адвокат Шейн Брейги қорғай бастады. Еуропадан келген ол аудармашы арқылы жұмыс істейтін болады.

Теймур Ахмедов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Сотта ол діндердің бәріне құрметпен қарағанын, бәрін түсіндіре алатынын айтты. Әуелі оның үстінен қозғалған іс астаналық тұрғын Асаф Гулиевтің ісімен бірге тексерілген. Қылмыстық кодекстің 174-бабында қарастырылған айыбын мойындағаннан кейін Гулиевке сот биыл ақпанда бес жарым жылға еркіндігін шектеу жазасын кескен.

Ертеректе ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жауабында Ахмедов пен Гулиев 2016 жылғы мамырдан қараша айына дейін Астанадағы "түрлі пәтерлерде діни жиындар ұйымдастырып", мазмұнынан "түрлі конфессиялар мен этнос өкілдерінің діни және ұлттық сана-сезімін қорлайтын белгілер байқалатын" уағыздар айтқан деген дерек келтірген болатын. Сот сараптамасы Гулиев пен Ахмедовтің уағыздарынан "алауыздық қоздыру" белгілері мен "бір діннің екінші діннен ерекшелігі мен артықшылығы туралы сөздер" тапқан.

АЙЫПТАУ АКТІСІ

Айыптау мәлімдемесіне сәйкес, сотталушы ислам мен православие діндері жайлы жағымсыз сөздер айтып, "бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы ауыр қылмыс жасаған" Астана қаласы Сарыарқа аудандық прокуратурасының аға прокуроры Байыржан Құлмағанбетовтің сөзінше, Теймур Ахмедов жеке пәтерлерде студенттерге өз дінінің "артықшылығын насихаттаумен" айналысқан. Құлмағанбетов айыптау сөзінде сотталушының мұсылмандардың Меккеге қажылық сапарын сынайтын сөздерін келтірді, бірақ ол әлгі сөздерді үйінде теледидардан осы тақырыпта жаңалық көріп отырып айтқаны кейінірек сотта анықталды.

Сарыарқа аудандық 2-сотының судьясы Талғат Сырлыбаев (ортада) Теймур Ахмедовтің ісін қарап отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.
Сарыарқа аудандық 2-сотының судьясы Талғат Сырлыбаев (ортада) Теймур Ахмедовтің ісін қарап отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Сарыарқа аудандық 2-сотының судьясы Талғат Сырлыбаев ашық сот процесінде суретке түсіруге, аудио және видео жазба жасауға тыйым салғандықтан мақалада прокурордың сөздерін толық келтіру мүмкін емес. Енді бұл үкім жарияланған кезде ғана мүмкін болады.

Бұған қоса, аға прокурор Құлмағанбетовтің мәлімдеуінше, Ахмедов православие христиандары жайлы олар "Құдайды масқаралайды" деп айтқан, бұған қоса, өзге діндерді "әзізіл азғырған" жолға итермелейтін жалған діндер деп атаған. Прокурор Ахмедовтің сөздерінен "діни алауыздықты қоздыру белгілерін" анықтаған сараптама ұйғарымына сілтеме жасайды. Бұған қоса, Ахмедовтен тәркіленген 20 кітаптың бірі - діни жанжал тудыратын "Ақиқатында Інжіл нені үйретеді? " ("Чему на самом деле учит Библия? ") деген кітапты атады.

"ИЕГОВА КУӘГЕРЛЕРІНЕ" ҚАРСЫ СТУДЕНТТЕР

Іске қатысты негізгі куәгерлер – төрт студент. Сотта екеуі былтыр студент болғандарын айтты. Бірақ сот іске қатысты өзге куәгерлерден сұрағандай олардан оқитын және жұмыс істейтін орындарын сұраған жоқ. Куәгер Нұрболат Әбутәліпов Еуразия ұлттық университетінде оқимын деп айтқанымен, факультетін атаудан бас тартты, ал сот талап етпеді.

Куәгер жігіт 10 жылдан кейін Астанада кездейсоқ жолығып қалған бала кездегі досы арқылы әуелі Асаф Гулиевпен танысқанын, досының есімі - Виталий, бірақ тегі есінде жоқ екенін әрі қазір қайда екенін білмейтінін айтты. Ал Теймур Ахмедовпен кейінірек танысқан.

Нұрболат Әбутәліповтің сөзінше, ол "Иегова куәгерлері" жиындарына қатысып, олардың дініне ден қоя бастаған, өйткені Қасиетті жазудағы (Інжіл) фактілермен танысқан. Оның айтуынша, кейінірек оған еріп Інжілді зерттеуге бірге пәтер жалдап тұратын үш жолдасы да ден қойған. Олар Гулиев пен Ахмедовпен төртеуі жалға алып тұратын пәтерде, Гулиевтің үйінде кездесіп жүрген, ал біреуі Ахмедовтің үйінде де болған.

"Иегова куәгерлері" қауымы мүшесі Евгений Плачента (оң жақта) және сотқа тартылып жатқан 60 жастағы Теймур Ахмедовтің ұлы Агшин Ахмедов. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.
"Иегова куәгерлері" қауымы мүшесі Евгений Плачента (оң жақта) және сотқа тартылып жатқан 60 жастағы Теймур Ахмедовтің ұлы Агшин Ахмедов. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Студенттердің бірі, 1995 жылы туған Абай Тоқсамбаев соттағы сөзінде "Иегова куәгерлері" дініне ден қойғанын, бірақ Ахмедовпен алғашқы кездесуінен жеті ай өткен соң қандай діндер "жалған болуы" мүмкін екені туралы ойлана бастап, өзге діндер жайлы жағымсыз нәрселер айтуға болмайтынын түсінген. Ол ұстанатын дінінің кесірінен қазір сотталушыға "жеккөрінішті сезімде" екенін айтты.

Ал 60 жастағы сотталушы Теймур Ахмедов сотта Абай Тоқсамбаев және өзгелермен әңгімелескен кезде Інжілге сүйенгенін, олар қайталап қоя берген арандатушы сұрақтарына ғана жауап бергенін айтады. Оның сөзінше, жас жігіттер оны жалға алған пәтерлеріне шақырып, оның үйіне келген және әртүрлі діндер мен олардың өзгешеліктерін салыстыру туралы сұрақтарды қайталап қоя берген. Бірақ ол әлгі кездесулердің бәрі видеоға жазылғанын білмеген. Тергеу кезінде діни алауыздықты қоздыру белгілерін анықтау үшін 19 дискіні сараптамадан өткізуге берген.

– Олар жиын емес, жай кездесу болатын. Әр кездесу сайын олардың қатары көбейіп отырды. Біз өз жанымыздан ештеңе қоспай, үнемі Інжіл кітабына сүйендік немесе телефоннан көрсеттік. Кітапқа сүйенген жоқ дегендері өтірік. Нағыз және жалған діндер жайлы Інжілде жазылған, ол кітапта Иегова құдайының да аты бар. Өзге діндер жайлы әлгі арандатушы сұрақтарды студенттердің өздері қойған. Олар бізді не үшін видеоға жазып алды, сериал үшін емес шығар? Оларды туған бауырымдай көріп едім, - дейді Теймур Ахмедов.

Сотталушының әйелі Мафиза Ахмедова сотқа "үйіңізге барайықшы деп студенттердің өздері қиылып өтінгенін", олардың күйеуін "біліміңіз терең екен" деп мақтап, оған өзге діндер жайлы сұрақтар қойғанын оларға тамақ пісіріп жүріп естігенін айтты.

Мафиза Ахмедова "Иегова куәгерлері" қауымына 1997 жылдан бері мүше екенін, одан тек жақсы болғанын айтады. Оның сөзінше, бір күні күйеуі екеуі студенттердің пәтеріне барып, олардың шалқып өмір сүретінін көріп таң қалған. Оның сөзінше, олар әлгі кездесуде де күйеуінен өзге діндер жайлы сұраған.

ҚОРҒАУШЫ МЕН САРАПШЫ

Ахмедовтің адвокаты Виталий Кузнецовтың сөзінше, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге сәйкес, әлдебір дінді сынағаны үшін адамды қылмыстық айып тағып, қудалауға болмайды. Бұған қоса, ол қорғаушы тараптың сараптама ұйғарымы мен діни араздық қоздыру белгілерін тапқан сарапшының біліктілігіне қатысты қоятын көптеген сұрақтары барын айтады.

Сотқа тартылып жатқан Теймур Ахмедовтің ұлдары Парвиз (сол жақта) және Агшин Ахмедовтар. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.
Сотқа тартылып жатқан Теймур Ахмедовтің ұлдары Парвиз (сол жақта) және Агшин Ахмедовтар. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Сотта Ахмедовтің сөздері жазылған 19 дискіні зерттеп, қылмыстық кодекстің 174-бабында қарастырылған белгілерді анықтаған әрі "діни жанжалды насихаттауды" тапқан сарапшы әрі сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары Роза Акбарова сөйледі. Адвокат Виталий Кузнецовтың "Неліктен ғылыми әдебиетті пайдаланбадыңыз? " деген сұрағына ол өз қалауынша таңдауға еркі бар екенін айтты.

– Ол әлдебір ұғымдарға анықтама беретін жұрттың бәріне белгілі түсіндірме сөздіктерді пайдаланған. Бірақ ғалымдардың, мысалы Барановтың монографиялары сынды арнайы әдебиеттер бар. Біз сияқты қарапайым адамдардай "Ожеговтің түсіндірме сөздігінен қараңыздар" дей салмау керек. Сарапшы ғылымға сүйенуі тиіс, әйтпесе сарапшының бізден айырмашылығы қайсы? – дейді Виталий Кузнецов Азаттыққа.

Адвокат клиентінің жазығы жоқ екенін мәлімдеуден танбай келеді. Оның пікірінше, арнайы қызмет "студенттердің қатысумен жасалатын" мұндай тәсілді ертеректе "Жетінші күн адвентистері" шіркеуіне келуші Ықылас Қабдуақасовқа да қатысты қолданған. 2015 жылы оны "діни алауыздық қоздырғаны" үшін екі жылға соттаған болатын.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG