Accessibility links

Протестант шіркеуі өкіліне үкім шықты


«Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасов. Астана, 9 қараша 2015 жыл.
«Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасов. Астана, 9 қараша 2015 жыл.

Астана соты «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасовты «діни алауыздық тудырды» деп танып, бас бостандығын жеті жылға шектеді.

Қарашаның 9-ы күні Астананың Сарыарқа аудандық 2-сотында өткен процеске – протестандық «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі, «діни алауыздық тудырды» деп айыпталған Ықылас Қабдуақасовтың сотына 50-ден астам адам жиналды. Олардың арасында журналистер, Қабдуақасовтың ұлы Әлібек мен адвокаты Гүлмира Шалдықова, «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшелері болды.

Айдауылдар сотталушы Ықылас Қабдуақасовты кісендеулі күйде әкеліп, асты ағаш, үсті темір тормен қоршалған орынға кіргізді. Алайда сағат түскі 2:30-ға белгіленген сот көпке дейін басталмай қойды. Қоршау ішінде жарты сағаттай отырған соң ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы, Шыдамдыны бұл өмір ұнатады» деп басталатын өлеңін дауыстап айта бастаған Ықылас Қабдуақасовты айдауылдар кісендеп қайта алып кетті.

ЖАЗА – ЖЕТІ ЖЫЛҒА БОСТАНДЫҚТЫ ШЕКТЕУ

Сот басталуы тиіс мерзімнен бір сағаттай уақыт өткенде ғана залға судья Ақмарал Исаева кіріп, сот шешімінің қысқа нұсқасын 5 минутта оқып берді.

Судья протестант шіркеуінің өкілі Ықылас Қабдуақасовты «діни алауыздық тудырды» деген айыппен кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығын шектеді. Үкім бойынша Ықылас Қабдуақасовқа құзырлы мемлекеттік мекемеге хабарламай тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстыруға, мейрамхана сынды көңіл көтеретін орындарға баруға, шетелге шығуға тыйым салынды. Сонымен бірге ол сот шығынын –149 мың 742 теңгені өтеуі тиіс болды.

Сот залынан босатылған Ықылас Қабдуақасов сыртта күтіп тұрған жақтастарымен амандасып, «Бала-шағамды көргім келеді» деді де ұлы Әлібектің көлігіне мініп кетіп қалды.

Қабдуақасовтың үкімі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Ықылас Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдықова сот шешіміне көңілі толмағанын айтады.

– Меніңше, өте қатал жаза. Қорғауымдағы азаматпен ақылдасып, ары қарай не істейтінімізді хабарлармын. Бірақ сот шешіміне шағымданармыз. Бұл шешімге көңілім толмайды, – деді адвокат.

Ықылас Қабдуақасовтың сотына келген жақтастарының бірі, «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің пасторы Андрей Тетерюк «2623 қазақстандық мүше бірлестіктері бұған дейін билік тарапынан қысым көрмегенін» айтады.

Андрей Тетерюк, "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің пастері. Астана, 9 қазан 2015 жыл.
Андрей Тетерюк, "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің пастері. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

– Керісінше біздің шіркеудің өкілдері әлем діндерінің сьезіне, дөңгелек үстелдерге шақырылып келген. Билік орындарымен, азаматтық институттармен қарым-қатынасымыз түзу еді, – дейді пастер Андрей Тетерюк.

«Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студентеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтты деген айыпқа ілігіп, биыл 14 тамызда тергеу абақтысына қамалған.

Қазан айында басталған сот процесі кезінде Ықылас Қабдуақасовтың әріптестері, «Жетінші күн адвентистері» шіркеуінің пасторы, айыптау тарабының басты куәгерлері – студенттер, сот-экспертизасы орталығының сарапшысы мен дінтанушы сұралған.

Ал 6 қараша күні болған жарыссөз кезеңінде прокурор Асылжан Ғабдығаппаров судьядан сотталушы Қабдуақасовты «діни араздықты қоздырған» деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған.

Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабы (бұрынғы кодексте – 164-бап) бойынша сотталушылар 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан соң жиілей бастаған.

XS
SM
MD
LG