Accessibility links

Ақтөбе соты екі тұрғынды "терроризм" айыбымен соттады


5 шілде күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты терроризм айыбы тағылған қала тұрғыны Әлібек Әлиевті – 15 жылға, Жанасыл Жұбатовты 13 жылға бас бостандығынан айырды. Айыпталушылардың апелляцияға шағым түсіруге құқығы бар. Ал егер үкім күшіне енсе, олар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.

25 жастағы Әлібек Әлиев пен 31 жастағы Жанасыл Жұбатовқа қатысты қылмыстық істі сот жабық түрде қарады. Полиция екі тұрғынды 2018 жылғы 15 қарашада ұстаған. Тергеу Әлібек Әлиев пен Жанасыл Жұбатовқа «діни араздықты қоздырды, терроризмді насихаттады, заңсыз қару сақтады, қолдан жарылғыш зат жасады» деп айыптаған. Әлиев пен Жұбатов Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен Ақтөбе полициясы психологиялық қысым көрсеткенін айтқан. Ал сот олардың бұл сөзін жоққа шығарып, «дәлел табылмағанын» жеткізді.

Ақтөбе полициясы күдіктілердің үйіне тінтіп, «қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, атыс қаруы мен суық қару, оқ-дәрі мен экстремистік мазмұндағы материалдар және әскери іс-қимыл жүргізу туралы нұсқаулық» тәркілегендерін жариялаған.

25 жастағы Әлібек Әлиев электрмонтаждаушы болып жұмыс істейтін. Оның кәмілетке толмаған бес баласы бар. Ал 31 жастағы Жанасыл Жұбатов – жұмыссыз, үш баланың әкесі. Екеуі де бұрын сотталмаған. Айыпталушылар да, олардың жақындары да тағылған айыптармен «түбегейлі келіспейді». Олар апелляциялық шағым түсірмек.

- Тергеу таққан айыпқа қарағанда, менің балам Жанасыл Жұбатов ҰҚК екі қызметкерін өлтірмек болып, «Паллада» дүкенінен оқ-дәрі сатып алған. Олардан бөлек дін ұстанатын таныстарын соттаған судьяғада қастандық жасамақ болған деседі. Мұның бәрі жала, тергеушілер ойлап тапқан сценарий. Баламның дін жолын ұстанатыны рас. Бірақ ол отбасын, үш баласын асыраудың қамымен жүрген қарапайым жігіт - дейді Жанасыл Жұбатовтың анасы Назым (тегін айтудан бас тартты).

Әлібек Әлиевтің анасы Гүлмира Әлиева да сот үкімімен келіспейді.

- ҰҚК баламды «қолдан жарылғыш зат жасады» деп айыптап отыр. Сондай-ақ, ол облыс әкімдігіндегі 100 адамды қала сыртына алып кетіп, өлтірмек болған көрінеді. Ойлап қараңыздаршы, осы ақылға қона ма? Жүз адамды қала сыртына шығаруға екі жігіт тұрмақ әскердің де шамасы жетпейді ғой. Ал оның үйінен тәркіленді деп отырған қорапта қолдан жасаған жарылғыш зат емес, кәдімгі құрал-жабдықтар болған, - дейді ол.

Сот процесі ашық өткенімен айыпталушы тарап сурет-видеоға түсіруге қарсы болды.

Осыған дейін Қазақстанда ондаған адам "терроризмді насихаттады" деп істі болған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан діни наным-сенімге көп шектеу қояды деп сынайды. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде «Қазақстан билігі діни-наным сенім бостандығын жиі бұзады. » деп жазды.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда діни еркіндікті шектеу әлі жалғасып жатыр"​

USCIRF «Қазақстан үкіметі исламның суннит ағымын, ханафи мазхабын қолдайды. Ал исламның басқа ағымдарына күдікпен қарайды» деп мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар бұл елде "терроризм бабымен" айыпталғандардың соты ашық өтпейтінін, көбіне тек айыптау жазасы шығатынын сынайды. АҚШ пен Батыс елдері Қазақстан билігін діни қудалауды тоқтатып, азаматтардың құқығын шектемеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG