Accessibility links

"Нұр Отан" митингісінде "арандатушылар жайлы" айтты


Алматыдағы "Нұр Отан" митингісі. 6 шілде 2019 жыл.
Алматыдағы "Нұр Отан" митингісі. 6 шілде 2019 жыл.

Алматыда "Сарыарқа" кинотеатрының артында "Нұр Отан" партиясы митинг өткізді. Шараны ұйымдастырушылар оған шамамен 1500 адам қатысқанын айтады.

Жиналғандар алдында сөйлеген партия мүшесі Станислав Конкуров 2009 жылдан бері шетелде тұрып келе жатқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты сынап, оны "қоғам тұрақтылығын шайқағысы келетін арандатушы" деп атады.

- Халық ақымақ емес. Кімнің кім екенін жақсы біледі. Елде партиялар көп. Адамдар қиналған кезде қай партияға барады? - деді Конкуров билік партиясын меңзей.

Көп алдында сөйлеген тағы бір партия мүшесі "Әблязовтың атын атап, оны қолдан батыр жасаудың қажеті жоқ" деп, "халыққа жаны ашыған адам ел ішінде жүреді, не болса да, бәрін елмен бірге көреді. Сыртта отырып, арандату кез келген адамның қолынан келеді" деп айтқан. Митингте негізінен "арандатушыларға ілеспеу", "қоғам тұрақтылығының маңызы" жайлы айтылды. Кейбір қатысушылардың "Соғысқа қарсымыз", "Біздің күшіміз бірлікте", "Экстремисті қолдама" деген жазуы бар плакат ұстап тұрғаны да көрінген.

Бұған дейін өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 6 шілдеде азаматтарды жаппай наразылық шарасына шақырған еді.

Ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Қозғалыс тұрақты түрде жақтастарын үкіметке қарсы митингілерге шығуға шақырып келеді. "Ақша жымқырды", "адам өлтіруге тапсырыс берді" және өзге де айыптар тағылған Әблязов сырттай өмірлік жазаға кесілген. Әблязовтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарып, істің саясиланғанын, биліктің өзінен өш алғысы келетінін айтқан.

Бір апта бұрын осыған ұқсас митинг Нұр-Сұлтанда да өткен еді. Онда да "ел арасына іріткі салып жүрген арандатушылардың қитұрқы әрекеті" жайлы айтылған.

Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" партиясы "ел арасына іріткі салған арандатушыларға қарсы" митинг өткізді

Дәл сол күні Алматыда бірқатар азаматтық белсенділер "Сарыарқа" кинотеатрының артында рұқсат етілген митинг өткізіп, онда қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелер айтылған. Бірақ сол мезетте кинотеатр маңындағы базар мен саябақ жабылған еді. Белсенділер биліктің соңғы бірнеше жылда алғаш рет митинг өткізуге рұқсат бергенін, алдағы уақытта мұндай митингті ешкім көрмейтін кинотеатр артында емес, қала орталығында өткізуді ұсынған.

ВИДЕО: Алматыдағы митингте не айтты? (30 маусым 2019 жыл).

Сәуір айында "Нұр Отан" партиясы елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде шығарған еді. 9 маусымда өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, сайлауда 66 жастағы бұрынғы сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен.

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін сайлау күні және одан кейін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ-ның бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

Президент өкілетіне кіріскен Тоқаев Қазақстанда бейбіт митингілер туралы жаңа заң қабылданып, оны өткізуге рұқсат беріле бастайтынын хабарлаған. Сыншылар Тоқаев уәде еткен "жаңалықтардың бәрі" қазіргі заңда бар, билік түрлі сылтау айтып, митинг өткізуге жүйелі түрде рұқсат бермей отыр деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG