Accessibility links

Oyan, Qazaqstan "серуенінде" жастарды ұстап, қоқан-лоқы жасағаны хабарланды


Серуен" жайлы әлеуметтік желідегі хабарлама. Twitter-ден алынған.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Әсем Жапишева Қазақстанның алты аймағында 5 шілдеде "серуен" өткенін, кейбір қалаларда оған қатысқан жастарды полиция ұстап, қоқан-лоқы жасағанын хабарлады.

- Ақтөбеде полиция серуенге қатысқан жастардың аты-жөнін жазып алып, өздерін қорқытқан. "Oyan, Qazaqstan"-ның заңсыз жұмыс істеп жатқанын айтқан. Ал бұл жалған нәрсе. Нұр-Сұлтанда серуен болып жатқан жерге полиция келіп, олардың бәрін видеоға түсіріп, төлқұжаттарын тексерген. Аты-жөндерін жазып алған, - деді Әсем Жапишева Азаттық тілшісіне сенбі күні.

Оның айтуынша, 5 шілдеде кешке Шымкентте полиция Арбат маңында жүрген бірнеше жасты ұстап, бөлімшеге әкеткен.

- Жалпы ол жақта серуенге қанша адам қатысқаны белгісіз. Әйтеуір полицияның 8 адамды ұстағаны белгілі. Үш адамды түнде жіберген. Қалғаны қазір полицияда. Ол жақта серуенге қатысы жоқ адамдарды да ұстаған, - деді Әсем Жапишева.

Азаттық тілшісі Шымкент қалалық полиция департаментіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады. Жұма күнгі серуенге қатысқан Ақтөбе тұрғыны Есет есімді азамат жұма күні қаладағы Арбат орталығына бірнеше жастың жиналғанын, азаматтық киім киген белгісіз адамдардың оларды камераға түсіргенін айтты. "Не үшін түсіріп жатсыз?" деп сұраған кезде олардың кейбірі үнсіз кетіп қалған.

Кейіннен жастар екіге бөлініп, тараған кезде іздеріне түсіп, көшеде ұстаған. "Аты-жөндерін жазып алып, полицияға апарамыз, қамаймыз деп қорқытқан". Есеттің айтуынша, олардың бірі өзін майор Айбат Жүнбатыров деп таныстырған. Қалғандары аты-жөндерін айтудан бас тартқан.

Есімі Влад деп таныстырған Шымкент тұрғыны 5 шілдеде қаладағы Арбат маңынан кетіп бара жатқан кезде полиция қызметкерлерінің өзі мен жанындағы екі досын бөлімшеге апарғанын айтты.

- Біздің серуенге еш қатысымыз жоқ. Полицияда бізбен "түсіндіру жұмыстарын" жүргізді. Шамамен екі-үш сағат ұстаған соң жібере салды, - деді ол.

Ал алматылық белсенді Әсем Жапишева серуен болардың алдында 5 шілдеде үйінде жоқ кезде екі полиция қызметкерінің пәтеріне келіп, "досын қорқытып, үй ішін тінтігенін" айтты.

- Олар аты-жөндерін айтпаған. Көршілер шағымы бойынша келіп тұрғанын айтқан. Балкон мен терезеге, барлық жерге Oyan, Qazaqstan деген жазуды іліп тастағанымызды айтып, үйді қарап кетіп қалған, - деді Әсем Жапишева.

Азаттық тілшісі әзірге полициядан ақпарат ала алмады.

"Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысы маусым айынан бері апта сайын елдің түрлі аймағында серуен ұйымдастырып келеді. Олар бұл шараның мақсатын "өзара танысып, білісу, ашық диалог орнату, қоғамдық орындарды қоғамға қайтару" деп түсіндірген еді. Жастар серуен өткізген орындарда бұған дейін полиция азаматтарды ұстап, "рұқсат етілмеген митингке қатысты" деп әкімшілік жазаға тартқан еді.

Оқи отырыңыз: "Oyan, Qazaqstan" елдің ірі қалаларында "серуен" ұйымдастырды

Маусым айының басында құрылған "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысы қоғамға тоғыз бөлімнен тұратын азаматтық декларациясын таныстырған еді. Онда елдегі саяси қуғынды тоқтату, сайлау жүйесін реформалау, парламенттік басқаруға өту тәрізді бірнеше мақсат көрсетілген.

Жаңа қозғалыс мүшелері бұған дейін өздерінің ресми тіркелуді көздемейтінін әрі ешқандай саяси партиямен әріптес емес екенін, қандай да бір отандық және шетелдік ұйымдардан қаржы алмайтындарын мәлімдеген.

Елде демократиялық институттарды құруды көздейтінін айтқан белсенділер өздерін қолдайтындар әр өңірде барын және әлі де қосылып жатқандықтан әзірге қозғалыстың нақты қанша мүшесі барын айта алмаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG