Accessibility links

"Терроризм" ісі бойынша айыпталушыны кардиоорталықтан тергеу изоляторына жіберді


Айыпталушы Жұлдызбек Тәуірбековті кардиологиялық орталықтан айдауылдар алып бара жатыр. Алматы, 6 шілде 2019 жыл.
Айыпталушы Жұлдызбек Тәуірбековті кардиологиялық орталықтан айдауылдар алып бара жатыр. Алматы, 6 шілде 2019 жыл.

6 шілдеде таңертең Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінің айдауылы кардиологиялық орталықта ем қабылдап жатқан "терроризмді насихаттады" және "алауыздық қоздырды" деп айыпталған 9 күдіктінің бірі Жұлдызбек Тәуірбековті тергеу изоляторына алып кетті. Айдауыл жанында жүрген тергеу изоляторының медициналық бөлімінің қызметкері "не себепті Тәуірбековті түрмеге алып бара жатыр?", "онда айыпталушыға қажет дәрежеде медициналық көмек беріле ме?" деген сұраққа жауап бермеді.

Кардиоорталықта штаттық киім киген бір адам медициналық қызметкер мен екі айдауылға қайда бару, не істеу керектігін айтып, бағыт-бағдар беріп отырды. Бірақ Азаттық тілшісіне айдауылдарға еш қатысы жоғын айтты.

Бұған дейін Азаттық тілшісі Тәуірбековтің шешесі Әсемгүл Жауғашевамен бірге кардиологиялық орталық дәрігерімен кездескен еді. Дәрігер Тәуірбековтің 29 маусымда орталықтың реанимация бөліміне түсіп, терапия курсынан өткенін айтқан. 1 шілдеде палатаға ауыстырылған. Ол науқастың жағдайы ауыр, бірақ өміріне қатты қауіп төніп тұрмағанын жеткізді. Дәрігер науқасқа емделу қажеттігін, терапия жасалмаса, жағдайы қиындайтынын айтты. Дегенмен тергеу изоляторындағы медициналық көмек жайлы сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді.

40 жастағы Жұлдызбек Тәуірбековтің шешесі 62 жастағы Әсемгүл Жауғашова Азаттық тілшісіне ұлын не себепті тергеу изоляторына ауыстырып жатқанын түсінбейтінін, ол жақта оған қажетті дәрежеде медициналық көмек берілмейтінін айтты.

Ал қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдері Азаттыққа жіберген жауабында ЛА-155/18 тергеу изоляторының дәрігерлері айыпталушыға "қажетті көмек көрсетеді" деп жазған. Ресми жауапқа департамент бастығының орынбасары Ерлан Ұзақов есімді азамат қол қойған.

Осы аптада Жұлдызбек Тәуірбековтің ісі жеке өндіріске алынғаны да белгілі болды. 3 шілдеде Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов прокурор өтінішінен соң осындай қаулы шығарған.

Тәуірбековтің адвокаты Нұрсұлтан Нұрлан бұған дейін өзі қорғап отырған азаматты денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстыру туралы сотқа өтініш түсірген. Бірақ сот өтінішін қанағаттандырмаған.

Оқи отырыңыз: WhatsApp-та жазып, "терроризм" бойынша айыпталғандар

3 шілдеде "терроризмді насихаттау" және "алауыздық тудыру" ісі бойынша сотта сегіз айыпталушыдан сұрақ-жауап алу басталды. Бірінші болып 40 жастағы Болатбек Нұрғалиев сөйлеген. Айыптау тарабының болжамынша, ол "терроризм мен салафизм идеяларын насихаттау мақсатында" WhatsApp-тан топ құрған. "Ағым өкілдерінің санын көбейту" үшін топқа "сегіз адамды кіргізген". Топ мүшелері "әрекеттерінің заңға қайшы екенін біле тұра" "діни тақырыптарды қызу талқылаған". "Терроризм мен діни алауыздықты қоздыратын радикалды тіркестерді қасақана қолданған".

Нұрғалиев бұл айыптарды жоққа шығарып, "арнайы қызмет өкілдерінің құрбанына" айналғанын айтты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG