Accessibility links

WhatsApp-та жазып, "терроризм" бойынша айыпталғандар


Айыпталушылардың бірі, екі баланың әкесі 27 жастағы Азамат Үмбеталиев сот процесінде тұр. Алматы, 4 маусым 2019 жыл.

WhatsApp-та "діни тақырыптар қозғап, терроризмді насихаттады" және "ұлттық, діни алауыздық тудырды" деп айыпталғандарды Алматыда сотқа тартып жатыр. Тергеу және айыптау органдары Қазақстанның әр аймағында тұратын тоғыз ер адам чатта "қасақана радикалды пікірлер жазды" деп санайды. Сотқа шақырылған сарапшы мәтіннен алауыздық пен террористік идеяларды насихаттау белгілерін таппады.

Оның әскери форма киіп, отанға қызмет ету жайлы бала күнгі арманы орындалмады. Сегізінші сыныптан соң Азамат Үмбеталиев Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейге өтініш тапсырғанмен денсаулығына байланысты түсе алмады. Алматыдағы жалпыға ортақ мектепті бітірген соң базарға барып, сауда жасады. Сол жақта жүріп, қызбен танысып, үйленді. Ерлі-зайыптылардың екі қызы дүниеге келді. 27 жастағы Азамат Үмбеталиевтің анасы Анжелика Беляева ұлы жайлы әңгімесін осылай бастады. Азаматтың түрмеде отырғанына сегіз ай болған. WhatsApp-тағы ортақ чатта отырған Азамат Үмбеталиев және тағы сегіз адамды "терроризмді насихаттау" және "ұлттық және діни алауыздық тудыру" баптары бойынша айыптап отыр.

Анасының айтуынша, Азамат екі жыл бұрын ислам дініне бет бұра бастаған. Ата-анасы (анасы - орыс, әкесі - қазақ) бұған қарсы болмаған, керісінше ұлының бұл әрекетіне түсіністікпен қарап, құрметтеген. Анжелика Беляеваның айтуынша, көпұлтты отбасынан шыққан ұлы (отбасында қазақ, орыстан бөлек, өзге де этностар бар) ешқашан адамдарды ұлтқа бөліп-жармаған. Үлкен отбасын жалғыз өзі асыраған, балаларына қамқорлық көрсетіп, ата-анасы мен мүгедектігі бар қарындасына көмектескен.

- Ұлымның адамгершілігі мол. Кез келген отбасында анасына "сіз" деп сөйлеспейді, - дейді Анжелика Беляева. Оның айтуынша, жақында ұлының сотына куәгер ретінде орыс әйелі келіп, Азамат Үмбеталиевтің адамгершілігі жайлы жақсы пікір айтқан.

Биыл наурыз айында басталған Алматыдағы процесте тоғыз айыпталушы бар. Оларға "ұлттық және діни алауыздық қоздыру" және "терроризмді насихаттау" баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

Анжелика Беляеваның айтуынша, оның ұлы төрт айыпталушыны ғана біледі. Ал қалғанымен тек мессенжерде ғана сөйлескен. Оларды тергеуге келген кезде ғана көрген.

"Діни алауыздық қоздыру" және "терроризмді насихаттау" ісі бойынша сот процесі. 4 маусым 2019 жыл.
"Діни алауыздық қоздыру" және "терроризмді насихаттау" ісі бойынша сот процесі. 4 маусым 2019 жыл.

Б.К.Ш. есімді азаматтың арызынан кейін тоғыз азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Шағымданушы WhatsApp-тағы "Ахли сунна Уаль-Жамағат" атты чатта "діни тақырыптарды" қызу талқылайды деп жазған. Тергеуді ҰҚК жүргізген. Қазақстанның түрлі аймағында тұратын тоғыз азаматты 2018 жылы қазан айында ұстаған. Мамырдың 29-ы күні оларды қалалық полиция департаментінің тергеу изоляторына ауыстырып, онда олардың шаштарын, сақалдарын күшпен алғыздырған.

Айыптау тарабының пікірінше, бұл азаматтар "әрекеттерінің қайшы екенін білсе де, ортақ мақсат қойып, әрекет еткен... діни тақырыптарды қызу талқылаған...қасақана терроризмді насихаттап, діни алауыздық тудыратын радикалды жазбалар қалдырған".

Айыпталушылардың туыстары ресми саяси-діни сараптама қорытындысына күмән келтіріп отыр. Айыптау дәл осы қорытындыға негізделген. Маусымның 3-і күні Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюрода болған баспасөз жиынында төрт айыпталушының ата-анасы "адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасады" деп айыпталған ұлдарының кінәлі емес екенін айтты.

СОТТАҒЫ БІР КҮН

Бұл іс бойынша сот процесі Алматыдағы Алмалы аудандық сотында өтіп жатыр. Сот отырыстарына ғимараттың жерасты бөлігінде орналасқан зал бөлінген. Азаттық тілшісіне сот қызметкерлерінің бірі айыпталушылар саны үштен көп болған жағдайда сот отырыстарын осындай залда өткізу "ыңғайлы" екенін айтты. Оның айтуынша, камерамен жабдықталған сотқа айдауыл арқылы жеткізілген айыпталушыларды "жоғары жаққа апарудың" қажеті болмайды.

Адам көп жиналған кезде мұндай залда ауа жетпей, терезені жиі ашып, желдетіп отыруға тура келеді. Маусымның 4-і күні өткен сот процесінде солай болды.

Сот отырысы басталмай тұрып сегіз айыпталушыны залға алып келді. Темір торға сыймағандықтан бір айыпталушы темір тор сыртында кісенделген күйі отырды.

Темір тор сыртында отырған айыпталушылардың бірі.
Темір тор сыртында отырған айыпталушылардың бірі.

Маусымның 4-і күні Қазақстанда танымал тәуелсіз филолог-сарапшылардың бірі Рахила Қарымсақованың лингвистикалық сараптамасының қорытындысы оқылды. Оның жүргізген сараптамалық зерттеуіне сәйкес, берілген мәтінде "ұлттық және діни алауыздық қоздыру", сонымен бірге "терроризмді насихаттау белгілері" жоқ. Қарымсақованың түсіндіруінше, өзге сараптамаларда қолданылған кейбір терминдер тура мағынасында түсіндірілген: олар физикалық әрекет емес, идеологиялық оппоненттерге қарсы бағытталған әрекеттерді білдіреді.

Істегі негізгі куәгерлердің бірі К. есімді азаматтан сұрақ-жауап алу мәселесі бойынша қорғау тарабы мен айыптау жағы дауласып қалды. Айыптау дәл осы куәгердің жауабына негізделіп құралған. Қорғау тарабы оны сотқа әкеліп, сұрақ-жауап алуды талап етті. Ал прокурор Мақсат Дәуірбаев куәгердің аты-жөні анықталмағанын, оның қазір қайда екені де белгісіз екенін айтты.

Судья Қайрат Иманқұлов. Алматы, 4 маусым 2019 жыл.
Судья Қайрат Иманқұлов. Алматы, 4 маусым 2019 жыл.

Айыпталушылардың бірі Бекет Мыңбаевты қорғаған а​двокат Әлия Шәріпбаева прокурорға "сотқа негізгі куәгерді алып келу үшін не істедіңіз?" деген сұрақ қойды. Прокурор мұны полицияға тапсырғанын, алайда полицей қызметкерлерінің оны таба алмағанын алға тартты. Адвокат прокурордан "полицияға мұны ауызша жеткіздіңіз бе әлде жазбаша тапсырдыңыз ба" деп сұрады. Ол полицияға үш рет тапсырғанын айтты.

- Сіз өз сөзіңізді дәлелдей аласыз ба? - деп сұрады адвокат.

- Полицияға үш рет тапсырдым деп айттым ғой, - деді прокурор. Бірақ дәлел жайлы сұрақты жауапсыз қалдырды.

Прокурор Мақсат Дәуірбаев.
Прокурор Мақсат Дәуірбаев.

Айыпталушылардың бірі "судьяға адамдарды айыптау керек болған кезде куәгердің аты-жөні анықталады, оның тұратын жері де тергеуге белгілі болады, ал қорғау тарабы сол куәгерге сұрақ қойғысы келген кезде прокуратура барынша жалтарады. Мұны қалай түсінеміз?" деп наразы болды. Осыдан соң судья Иманқұлов қорғау тарабының сұрақ-жауап алу үшін К. есімді куәгерді сотқа әкелу туралы өтінішін қанағаттандырды. Бірақ оны сотқа әкелуді қорғау тарабына тапсырды.

- Қорғау тарабы куәгерді сотқа әкеле алмайды деп жүз пайыз сеніммен айтуға болады, - деп топшылады адвокаттардың бірі.

Судья бұл сөзді елеген жоқ. Бұдан соң айыпталушылар шулап кетті. Олардың бірі сотқа "неге куәгерді сотқа прокурор емес, адвокат әкелуі тиіс" деп сұрақ қойды. Судья шешім қабылданып қойғанын, келесі отырыс сәрсенбі күні өтетінін айтты.

Сот отырысында "айыптау тарабы негізгі куәгерді сотқа әкелмеуге тырысып жатыр" деген айыптаулар да естіліп қалды. Процестен соң Азаттық тілшісі прокурор Мақсат Дәуірбаевтан бұл айыптауды жоққа шығаруын сұраған еді, бірақ ол бір нәрсе айтуға оқталды да, ештеңе деген жоқ.

Осыған дейін Қазақстанда ондаған адам "терроризмді насихаттады" деп істі болған. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде Қазақстанда адамдардың діни еркіндігі әлі шектеліп жатқанын жазған. Есеп авторлары Қазақстанды азаматтардың "діни бостандығын тұрақты түрде өрескел бұзатын" елдер қатарына жатқызған. Комиссия есебінше, Қазақстанда діни қызметтер бойынша 2017 жылы 279 әкімшілік іс, 2018 жылы 165 әкімшілік іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG