Accessibility links

Сауд Арабиясынан экстрадицияланған Махаматов сотталды


"Терроризм бабымен" айыпталған Ділмұрат Махаматов сотта тұр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.
"Терроризм бабымен" айыпталған Ділмұрат Махаматов сотта тұр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты Cауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған 41 жастағы Ділмұрат Махаматовты 8 жылға бас бостандығынан айырды. "Терроризм" бабымен айыпталған Ділмұрат Махаматов сот үкімімен келіспейтінін айтты.

Мамырдың 2-сі күні судья Сәбит Төреханов Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылының тұрғыны Ділмұрат Махаматовты Қылмыстық кодекстің "әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру" және "терроризмдi насихаттау" бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Судья Төреханов Махаматовты діни ұйымдарда, мешіттерде, халық жиналған жерлерде діни уағыз айту құқығынан айырды. Айыпталушы жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түрмеде өтейді.

Махаматов үкімді үнсіз тыңдады. Судья Төрехановтың "үкім түсінікті ме?" деген сұрағына басын изеді. Судья оған үкіммен келіспесе, апелляциялық шағым түсіруге құқылы екені ескертті. Соттан кейін айыпталушы Ділмұрат Маxаматов Азаттық тілшісіне тағылған айыппен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Адвокаты Сапарәлі Абылаевтың айтуынша, "сот барысында Махаматовтың кінәсін дәлелдейтін айғақ" болмаған

- Сотта діни сарапшылардың жауабы мен аудиожазба дәлел ретінде ұсынылды. Аудиожазбаны интернетке кім қашан салғаны да белгісіз, - деді адвокат.

Махаматов сот залында адвокатымен бірге сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.
Махаматов сот залында адвокатымен бірге сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

Сапарәлі Абылаев айыпталушы Махаматов "Қазақстанға өз еркімен келгенін" айтады.

- Махаматов салафи ағымын ұстанатынын жасырмайды. Бірақ тағылған айыпты мойындамайды. Сауд Арабиясының аумағында Қазақстаннан барған азаматтармен діни тақырыптарда әңгімелескен. Бұл оның Қазақстан заңын бұзды деген сөз емес. Сотта ол айтқан уағыздарын қайдан алғанын дәлелдеді. Бірақ ол ескерілмеді, - дейді адвокат.

Сотталушының туған ағасы Раушан Махаматовтың айтуынша, Ділмұрат Махаматовтың екі әйелінен тоғыз баласы бар. Балаларының үлкені – 15 жаста, кенжесі – 1 жасар. Соңғы он жылда Сауд Арабиясында отбасымен бірге өмір сүрген. 2018 жылы бала-шағасын Қазақстанға көшірген.

- Бес ағайындымыз. Ділмұрат – үйдің кенжесі. Ол кішкентайынан дінге қызықты. Жарыстарға барды, оқыды. Алматыда, кейіннен Сирияда білім алды. Енді терроризм айыбымен айыптап жатыр. Егер халыққа, үкіметке қарсылық білдірсе, соттасын, қарсы емеспін. Еш дәлел жоқ болса да, сегіз жылға қамады. Ақиқат бар ма, жоқ па? - дейді ол.

Ділмұрат Махаматов ағасы Раушан Махаматовпен сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.
Ділмұрат Махаматов ағасы Раушан Махаматовпен сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

Ділмұрат Махаматовтың соты сәуірдің 4-і күні басталған. Айыпталушы сот отырысы жабық өткенін қалаған. Үкімге дейінгі отырыстарға ағасы мен адвокаты, прокурор ғана қатысты. Үкім оқылған отырысқа судья журналистерді де кіргізді.

2018 жылы қазанның ортасында ресми ақпарат құралдары Сауд Арабиясында "заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан салафи ағымының өкілі" Ділмұрат Махаматовтың ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланғанын хабарлаған.

Полиция ақпарат агенттіктеріне Махаматовтың "Сауд Арабиясында жүріп, интернет арқылы қазақстандықтарға заңсыз үгіт-насихат жүргізгенін" айтқан еді.

Осыған дейін Қазақстанда ондаған адам "терроризмді насихаттады" деп істі болған. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде Қазақстанда адамдардың діни еркіндігі әлі шектеліп жатқанын жазған. Комиссия есебінше, Қазақстанда діни қызметтер бойынша 2017 жылы 279 әкімшілік іс, 2018 жылы 165 әкімшілік іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG